Облыс аумағынан жаңа тарихи-мәдени мұралар анықталды!

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Туған жер» жобасытуған өлкені тану және шынайы патриотизмді қалыптастыруға негізделген. Туған жерге, оның мәдениетіне, салт-дәстүріне деген сүйіспеншілікке бағытталған патриотизм мәдени-генетикалық кодтың негізі болып табылады. Бұл бағдарламаның бір бағыты - өлкетану жұмыстары. Өлкетану білімі біржақты этнографиялық аспектіні ғана емес, сонымен бірге ағартушылық жұмысқа негізделіп, жергілікті жердің географиясын, фольклорын, мифологиясын зерттеуді талап етеді. Өзінің түп-тамырын, өз халқының салт-дәстүрлері мен мәдениетін ұмытпау, өз өлкесінің, елінің тарихын білу маңызды. Жалпы мұның барлығы практикалық іс-қимыл арқылы кіші отанға деген сүйіспеншілік пен құрмет танытуды көздейді.

«Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының директоры, тарихшы-өлкетанушы Құлбаев Нұрлан Абызұлының жетекшілік етуімен Солтүстік Үстірт шыңдары, Маңғыстаудың оңтүстік-шығыс аймағы, Мұзбел жоны, Қарынғұрлы жазығы, Ақсексеуіл, Қызылсай аймақтарына, Қарақия шыңдарының солтүстік-шығыс жиектері, Үшқұю, Алатөбе, Ыбық жерлеріне археологиялық барлау жүргізу, тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтау мақсатында экспедициялар өткізілді. 

Дала іссапарлары нәтижесінде өлке тарихын зерттеудің жаңа парақтары ашылып, 16 тарихи-мәдени мұра объектілері анықталды. Олар: Маңғыстау ауданына қарасты Бекібай, Елбиік қорымдары, Қарақия ауданы  аумағындағы Ақтұрық, Тұрық, Қарынғұрлы, Бесқұдық, Әжібай, Бозат, Қосащы, Тамды, Шатыр қорымдары, Тақырбас және Шатыр археологиялық үйіктері, Бейнеу ауданы бойынша Үшсай, Жарықеспе, Жабас қорымдары. Анықталған объектілерге алғашқы есепке алу жұмыстары жүргізілді. 

Назарларыңызға экспедициялар барысында анықталған жекелеген қорымдарға қатысты тарихи мәліметтер ұсынылады.

  Үш сай қорымы. Бейнеу ауылынан 110 км солтүстік бағытта орналасқан үлкен қорымда 100-ге жуық алуан түрлі сәулет үлгілері топталған. Қабірүсті қойылымдары Адай руының Қараш, Өрезек, Балықшы, Бәли, Шоңай, Қырықмылтық тайпаларына тиісті. Құлпытастардағы жазулардан «Адай руы Балықшы тайпасы Есберді бөлімі Жаманбай....(жазуы кетіп қалған), жаздырды баласы Жұмақазы», «Адай руы Түркменадай Бәли бөлімі Башақ бай баласы Тастемір бай, уфат 60-та, қылдырды баласы Жанбай», «Адай руы Тобыш тайпасы Қараш Қуанбек әйелі Қызан, уфат 81 жасында, 1330 (1912 ж.) жаздырды баласы Айса, рухына фатих», «Адай руы Қосқұлақ тайпасы Нәуірзек бөлімі Тоғызбай әйелі Жұмакүл, уфат....», «Адай руы Шоңай тайпасы Бектау баласы Бермұхаммед, уфат болды 69 жасында...» сөздері аударылды.

  Жабас қорымы Бейнеу ауданы Тұрыш селосынан 105 км солтүстік-шығыс бағытта орналасқан. Қорымда күмбезтам, сағана там, шала өңделген тастардан тас қоршаулар, құлпытастар, тас үйінділер мен тас белгілер және археологиялық үйік сақталған. Құлпытастардағы жазулардан «Шөмішті Табын руы Жалпақтіл тайпасы Жанкісі баласы Жабас, уфат 80-де, 1865 санда, жаздырды баласы Тоқбай», «Шөмішті Табын руы Жалпақтіл тайпасы Жанкешуұлы Өте, уфат 73-те, 1861 санда, жаздырды баласы Ермекбай», «Шөмішті Табын руы Жалпақтіл тайпасы Оқшы Құлман баласы Әкімбай 43-те, қылдырды інісі Сейіт» және «Шөмішті Табын руы Жалпақтіл тайпасы Бабас келіні Кенен, уфат 50-де, қылдырды баласы Өмірбек, 1874 санда» сөздері оқылды. 

Тамды қорымы Қарақия ауданы, Жаңаөзен қаласынан 127 км оңтүстік бағытта аласа төбенің басында орналасқан. 150-ден астам қабіртастар шоғырланған қорым түркімен дәуірінен және 19 ғасыр адайлар кезеңінен тұрады. 12-13 ғғ., 16-17 ғғ, 19 ғ. кезеңді қойтаспен орнатылған сандықтастар, тас қоршаулар, белтастар, қойтастар, ферт (антропоморфтық үлгідегі тас белгі), т.б. кіші пішінді сәулет үлгілері сақталған. Қорымдағы қабірүсті қойылымдарының қатарында беті жабылған тас қоршаудың үстіне орнатылған қойтастар ерекшеленеді. Бір тас қоршаудың тас белгісінде «Қожанияз» деген жазу оқылды. Енді бір қойтаста «сұлтан» сөзі жазылған, таңбасы абдал түркімен кезеңіне тиісті болуы мүмкін. Құлпытаста «Адай руғы» Жаманадай тайпасы, Әлі бөлімі, Жаманбай оғлы Бектұрды деп білерсіз, офат болды. 1890 санында» деген сөздер қалдырылған. Тағы бір тас қоршаудың құлпытасында «Бұл бейіт Қырымқұл Дихан әйелі Ибажан, 37 жасында өлді» деп арабша жазылған және осы жазулар латын тілінде де тас қоршауға ойылып жазылған. Орта ғасырлық тас қоршаулардың ортасына антропоморфтық үлгідегі тас белгілер қойылған. Қорымдағы қабіртастарда түйе, арқар, қылыш, тарақ, қайшы, т.б. суреттер бейнеленген, беріш, тама, адай руларының белгілерімен қатар, түркмендердің шәудір, оғыздардың қайқы, каэ тайпалары, шөміш таңбалары да кездеседі. 

Ақтұрық қорымы (19 ғ. аяғы - 20 ғ. басы) Қарақия ауданы, Төлеп қыстауынан 52 км оңтүстік бағытта биік төбе басында орналасқан. Қорымда төртбұрышты, сопақша, дөңгелек пішіндерінде қаланған тас қоршаулар мен тас белгілер, құлпытас-қойтастар, барлығы 30-дан аса қойылымдар сақталған. Тас қоршауларға қойылған тас белгілерде адай таңбалары кездеседі. Құлпытастар түрлі геометриялық фигуралармен нақышталып, жоғарғы бөліктерінен доға немесе сүйірлене қашалған. Жақтаулары ою-өрнектермен көмкерілген, мылтық, айбалта, пышақ, қылыш суреттері кескінделген және арабша жазулар қалдырылған. Олардан «Адай руғы, Тобыш тайпасы, Көрғұлы баласы, Шынжырбек уфат болды 45-те 1880 санында, жаздырды Досжан мұрза», «Адай руғы Бегей тайпасы, Тоқал бөлімі, Бекбатыр ұлы Қостілеу уфат 52 жасында 1911 ж.» жазулары оқылды. 

  Бозат қорымы Қарақия ауданы, Жаңаөзен қаласынан 165 км оңтүстік бағытта, теңіз жағалауынан 1 км қашықтықта, аласа дөңнің басында орналасқан. Қорымда 17-20 ғғ. кезеңді 150-ден астам қабірүсті қойылымдары сақталған. Қорымда сағана там, қойтас, тас қоршаулар, тас белгілер және тас үйінділері, жұп антропоморфтық үлгідегі тас белгі (ферт) тәрізді ежелгі түрікмен қабіртастармен қатар, қазіргі заман қойылымдары да орналасқан, сырық ағашы шаншылған киелі орын да бар. Тас белгілердегі арабша жазулардан «Қорсұлтан», «Нияз», «Алтынияз» сөздері аударылды. Қорымда жерленген жекелеген адамдардың есімін жазып, ұрпақтары белгілер қойған: «руы жеменей, Аспен қызы Болған 1902-42 жж.», «руы Бәли Шағыр ұлы Әбір 1893-64, руы Бәли Шағыр ұлы Әдеп 1898-1957 жж. Нысан қызы Қалжан Әбір зайыбы». Қорымдағы қабіртастарда адай, арғын таңбалары қалдырылған. 

Үстіміздегі жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Маңғыстау облысының этнографиясын, этноархитектурасын, дәстүрлі мәдениеті мен тарихын зерттеу бойынша этнографиялық-этноархеологиялық кешенді экспедициясын ұйымдастыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, Бозашы түбегі аймақтарына және Орталық Үстірт жеріне барлау жүргізу, тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтау, сондай-ақ мемлекеттік қорғауға алынған ескерткіштердің құжаттарын жасақтау және техникалық жағдайына мониторгинг жасау мақсаттарында 6 негізгі дала іссапарларын өткізу жоспарланған. 

Ескерткіштерді есепке алу және қорғау бөлімінің маманы 

Жалмағанбетова Гүлдәурен

 

Жарияланған күні: 0




7 наурыз 2018

Тарихи мұра жанашырларына – Алғыс!

14 қараша 2017

Тарихын тасқа жазған шеберлер

20 қазан 2017

Мұнарлы төбе, мың белес

18 желтоқсан 2015

Маңғыстау ғашықтары

18 мамыр 2015

Өлі риза болмай, тірі байымайды

5 қазан 2011

Дана халқымның дара тұлғасы СҰЛТАН ЕПЕ

23 мамыр 2010

Маңғыстаулық ақын Түмен Балтабасұлы

6 мамыр 2009

Ақкетiктегi тарихи-мәдени мұраларымыз

15 сәуір 2008

18 сәуір – Ескерткіштерді қорғау күні

9 қаңтар 2007

Үйтолы ата мешiтi

12

 

 

 

Ескеркіш

Есепте тұрған ескерткіштер саны:

590

Республикалық дәреже:

20

Жергілікті дәреже:

570

Ескеркіш

Есепте тұрған киелі орындар саны:

43

Жалпыұлттық дәреже:

15

Жергілікті дәреже:

28