АЛТЫНҚАЗҒАН КЕШЕНІ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

АЛТЫНҚАЗҒАН КЕШЕНІ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

Қазақ халқының тарихы қойнауында талай оқиғаға куә болған ескерткіштер легі қаншама.

Тарих – келешектің болжамы мен бағдары. Өткенді білмей, келешекті болжай алмайтынымыз да рас. Осыған орай бүгінгі мақала тақырыбы Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданында орналасқан ерекше археологиялық нысан Алтынқазған құпиялары жайында болмақ. Олай болса баршаңызды осы құпия сырға толы Алтынқазған діни-қабірлеу кешенінің құрылысы, бұл жерден табылған жәдігерлердің ерекшелігі жайында біршама таныс болуға шақырамыз. Алтынқазған құпияларымен таныса отырып,  киелі Маңғыстау жерінің тарихына деген қызығушылықтарыңыз бұрынғыдан да арта түсері анық. Сонымен Алтынқазған діни-жерлеу кешені Солтүстік Ақтаудың (Ақмая) борлы кемері мен Төбеқұдық, Ұрыжол және Құлаат тау төбелері  маңындағы Батыс Қаратау  тауларының  арасындағы  алқапта орналасқан. Алтынқазған діни-қабірлеу кешені шамамен б.э. IV-XI ғғ. кезеңдерімен белгіленеді. Қазіргі таңда Жергілікті маңызы бар Тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізілді. Кешеннен шығысқа қарай 3 шақырым жерде Сарымола деп аталатын шағын қазақ зираты орналасқан. Кешеннің нысандары  жұмыр минералды түзілістің әр түрлі пішіндері қосылған төменгі бордың құмды-құмайттасты  қабаттарының  оңтүстік-шығысқа қарай құлай орналасқан  тау кертпештерінен түзілген  төбелерде  тізбектеле орналасқан. Кешеннің шығыс  бөлігі арқылы ескі керуен жолының  екі тармағы өтеді.

Ескерткіш 130 га аумақты  алып жатыр және  онда 200-ден  астам археологиялық нысан бар, олар қорғандар, үлкенді-кішілі қоршаулар, құрбан шалуға  арналған  ғұрыптық құрылымдар және тастан  жасалған басқа да құрылыстар жатады. Ескерткіш аумағындағы жалпы саны 13 болатын  түрлі нысандар, құрылыстың негізгі бөлігі  ерте кезден-ақ қатты қирағанын көрсетеді. Қираған орындардың сипаты тонаушылардың іс-әрекетінің  мақсатты және  жүйелі болғандығын  көрсетеді. Алтынқазған кешенінің  ашылу тарихы осы жерден  ат ерінің қалдықтары,  төрт көмбе және металдан жасалған  бұйымдардың  тұтас жиынтығын  табуға  мүмкіндік берді. Бұл жерден қоладан жасалған жебе ұштары, белдік тоғасы, қоңыраулар, сылдырмақ түймелер,  қола айналарының сынықтаы, мыстан жасалған біздер табылды. Заттардың негізгі жиынтығы ат әбзелдерінің  сәндік жабдықтарымен байланысты, олардың қатарында  сәндік тілімшелер, тоғалар, қоңыраулар бар. Табылған заттардың негізгі бөліктері тас құрылыстардың  қалдықтарына тиесілі.

Алтынқазғаннан  табылған  қазіргі заттардың арасында  таза алтын  бұйымдар жоқ. Бірақ  алтын жалатылған әдемі сәндік  бұйымдар бар. Археологиялық қазба жұмыстары барысында ірі қоршаулардың бірінің тоналған уақыты анықталды, ол бұған дейін  пайдаланылған және қоршаудың  қайта жүргізілген құрылысы Х-ХІ ғғ. жатады.

Құрылыстың негізгі бөлігі діни салт-жоралғыларға бағытталған. Қоршаудың бірінің ішіндегі шағын ойықтан өте сирек кездесетін ер-тұрманның күміс қаптамасы және қамшының күміс бөлшектері табылды. Қаптаманың пішінінен оның ағаш қаңқасы қайтадан қалпына келтірілді. Бұл ер-тоқым ерте түркі дәуіріне тиесілі. Өкінішке орай оның ағаш қаңқасы толығымен жойылған. Бірақ алдыңғы және артқы қастарының  бірегей күміс қаптамалары  мен ағаштан  жасалған  екі қапталының артқы бөліктері сақталған. Тілімшелердің  бетінде  зооморфты бейнелер берілген. Мұнда әр түрлі жануарлар мен құстардың  бірнеше қуу  және азаптау кезіндегі  көріністері бейнеленген. Қабандар, бұғылар және ақбөкен  бейнесі анық көрінеді. Өте айқын және басты бейне – мысық тұқымдасжыртқыштардың бейнесі, ол қасқыр болуы да мүмкін. Мұнда  ұсақ қабыршақты оюы бар сәндік  тілімшелердің  өзіндік орны бар. Осындай көркем  безендірілген  сәнді әбзел ер-тұрман иесінің жоғары мәртебесін көрсетеді.  Еуразия  даласының көшпелілерінде бұғы бейнесі  салт ат әбзелдерінің  ғұрыптық және  күнделікті ажырамас  бөлігі болды. Қаһарлы жабайы қабанның  жыртқыштармен айқасы, қабанды аулау, бұғыны азаптау  көріністері  скиф және сармат дәуірінің көптеген  тамаша бұйымдарында  бейнеленген.  Алтынқазғаннан табылған ерлердің қаптамаларында  көрсетілген құстар  скиф-сібір және ғұн-сармат  өнер бұйымдарында кездеспейді. Мұндай бейнелер Иран өнерінде  де жоқ. Қаптамалардағы жануарлар мен құстардың бейнесі  бірегей болып табылады, яғни бұған  дәл ұқсас бейнелер  еш жерде жоқ. Сонымен қатар, металды сызықтармен  қашап өңдеу тәсілі мен ғұн кезеңінің материалдарында  белгілі бір ұқсастықтар бар. Бірақ күміс қаптаманың безендірілу және үзеңгі пішінінің ерекшелігіне қарап, оның 4-ші ғасырдың аяғы 5-ші ғасырдың бірінші жартысына жататынын білуге болады. Қаптаманың бір бөлігінде ғұн дәуірі мәдениетіне тиісті бедерлі ою-өрнектермен безендірілген. Осындай бейнелері бар ер-тоқым еуразиялық археология тәжірибесінде алғаш табылып отыр, жәдігерлер басқа еш жерде қайталанбауымен ерекшеленеді.

Ескерткіш аумағынан ат әбзелдеріне тиісті металдан жасалған әртүрлі бұйымдардың көптеген жиынтығы да табылды. Бұйымдардың бір бөлігі мыстан жасалып, сырты алтын мен күміс қоспасымен қапталған. Кейде кәріптас және шыны қойылып, безендірілген. Табылған заттар негізінен, құрбандық сыйы ретінде қалдырылған. Заттардың кей бөлігі Еділ маңы, Кавказ, Солтүстік Қара теңіз территорияларында зерттелген халықтардың Ұлы көші дәуірінің ескерткіштеріне ұқсас келеді.

Алтынқазған негізгі кешенінің құрылу уақыты болжам бойынша б.з. 3ғ. екінші жартысы – 5ғ. аралығын қамтиды. Жүргізілген зерттеулердің қорытындысы бойынша Еуразиядағы антикалық және ерте ортағасырлық аралықтағы  ерекше діни-қабірлеу кешені болып табылады.

Пайдаланылған әдебиеттер мен дерек көздер: «Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының» қорында сақталған материалдары; Рукопись научного произведения «Пути торговых сообщений Арало-Каспийского региона: археологические иследования на комплексе Алтынказган» А.Е. Астафьев (2019); «Ұлы Дала: тарих пен мәдениет. ІV-том. Ұлы көш: бұйымдар мен идеялардағы ғұндар мен сарматтардың мұралары. Көрме каталогы» (2019).

 

«Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы»

бөлім меңгерушісі Айман Яриханова

 

Жарияланған күні: 6 ақпан 2020




24 наурыз 2023

МАҢҒЫСТАУДЫҢ ҚАСИЕТТІ НЫСАНДАРЫ

2 сәуір 2021

Шежірелі Шерқала

5 наурыз 2021

Сүйінқара Үргенішбайұлы

5 наурыз 2021

Маңғыстаудағы Бекет ата мешіттері

18 сәуір 2020

18 сәуір – Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні

6 ақпан 2020

АЛТЫНҚАЗҒАН КЕШЕНІ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

17 қаңтар 2019

Дәстүрлі дін: ата-баба жолымен

17 қаңтар 2019

Қошқартас

17 қаңтар 2019

Асыл көзі

17 қаңтар 2019

Тарихи-мәдени мұрамызға мұқият болайық

9 қаңтар 2019

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Маңғыстаудың қасиетті нысандары толықтырылды

9 қаңтар 2019

Қаңға жеріндегі Махтум-баба мешіті

31 қазан 2018

Тобықты жеріндегі Бекет-ата жерасты мешіті, XVIII-XIX ғғ.

23 қазан 2018

Махтум баба мешіті

23 қазан 2018

Қыз-әулие - киелі орындар тізіміне енгізілді

23 қазан 2018

Шерғазы сұлтанды Хан атағына ұлықтау және салтанатқа қатысқан кейбір тарихи тұлғалар туралы

23 қазан 2018

Облыс аумағынан жаңа тарихи-мәдени мұралар анықталды!

22 қазан 2018

Маңғыстау ескерткіштері киелі орындар тізіміне енгізілді

22 қазан 2018

Маңғыстаудан шыққан Құлбарақ батыр

22 қазан 2018

Дін және дәстүр

26 қыркүйек 2018

Маңғаз Маңғыстау, ажарлы Ақтау!

31 шілде 2018

Маңғыстаудың – қасиетті рухани құндылықтары

2 шілде 2018

Асқақтай бер – Астана!

4 сәуір 2018

Маңғыстау мен Үстірттің киелі орындары

12

 

 

 

Ескеркіш

Есепте тұрған ескерткіштер саны:

590

Республикалық дәреже:

20

Жергілікті дәреже:

570

Ескеркіш

Есепте тұрған киелі орындар саны:

43

Жалпыұлттық дәреже:

15

Жергілікті дәреже:

28