Сисем-ата қорымы

Сисем-ата қорымы – Маңғыстаудағы ең ірі және ежелгі қорымдардың бірі, Өтес селосынан 35 км солтүстік бағытта, батыс Үстірт шыңдары аймағындағы қыстау-құдықтар мен ежелгі керуен жолдары бойында орналасқан. Қорым туралы алғашқы деректер осы өлкеге 1825-1826 жж. келген орыс әскери экспедициясының басшысы, полковник Ф. Бергтің күнделігінде «Бұл конус тәріздес жер-тас үйінділерінен тұратын қасиетті қорым, алуан түрлі сәулет пішіндерінің біртұтастығы сақталғанына қарағанда, қорым жергілікті түрікмендердің немесе осы түбекке алғаш табан тіреген қырғыздардікі (адайлар) болуы мүмкін» деп көрсетілген.

Батыс Қазақстанның халық сәулет өнерін зерттеуші М. Меңдіқұлов зерттеулері бойынша қорымның пайда болу уақыты шамамен 11-12 ғасырлар кезеңдеріне жатқызылады, ежелгі бөлігінің айналасында, солтүстік-оңтүстік бағытта дамыған қабірүсті ескерткіштерінде түрлі таңба-бейнелер мен дәстүрлі ою-өрнектер түсірілген, сызба суреттердің тарихы қыпшақ-ноғай дәуірлеріндегі саяси оқиғаларды меңзейді.Сисем-ата қорымы - батырлар пантеоны саналады, мұнда Адай тайпасының небір асыл, ардақты азаматтары Қонай батыр Кенжеұлы, Есенұлы Сейіт би, Ырысалыұлы Жанұзақ батыр, Төлеп батыр Әнетұлы, Жары Сүйінқара би-батыр Үргешбайұлы, Төлепұлы Мамбетнияз би-болыс, Байбоз Боққараұлы, ру басылары Жанбозұлдары Өтеулі, Жаманқара, Матай, Өтеғұл Зорбайұлы, Адайдың 3 назарының бірі Ескелді Саназар Құдайназарұлы, бай-сақи болған Бегей Дәуілдір Қозыбақұлы, Сеңгір Дәуілдірұлы, Жарылғап Сеңгірұлы, Назар Жарыұлының атақты 4 баласы (Шотан батыр, Тастемір бай, Майлан, Құдайберген), Қаржау Төлекеұлы, Қожаназар бай Жаңайұлы, Әнет би Текейұлы, т.б. жерленген.  
Маңғыстау өңіріндегі ХVIII - ХХ ғғ. басы кезеңдерінде кең дамыған дәстүрлі сәулет өнерінің көрнекті туындылары саналатын қорымдағы бірқатар сағана-күмбездерді өлкемізге белгілі «тастан түйін түйген» шебер Жылқыбай Доралұлы және Тұрлымұрат Сатыбалдыұлы, Сақи ұлдары Дүйсенбай, Ордабай, Еңсе, Қозыбақ, Қаражүсіп балалары т.б. жергілікті тас шеберлері шығыстың сәулет өнері үлгісін қолдана тұрғызған. Маңғыстау және Үстірт өңіріне тән «Сисем-ата қорымы» аймақтағы ежелгі қорымдардың арасында сақталу деңгейімен ерекше. Діни-мемориалдық кешенде тас ою өнерінің алуан түрлі үлгілері кеңінен шоғырланған. Сисем-ата қорымы - өлкені мекендеген көшпелілердің сәулет өнері мен салт-дәстүрлері, діни дүниетанымдары мен әлеуметтік-саяси даму үрдістерінен деректі мағлұмат  беретін құнды ескерткіш.
«Сисем-ата қорымы» тарихи-сәулет ескерткіштерінің ансамблі ретінде 1982 жылы республикалық дәрежеде мемлекеттік қорғауға алынған. 

Жарияланған күні: 16 қаңтар 2019

 

 

Ескеркіш

Есепте тұрған ескерткіштер саны:

590

Республикалық дәреже:

20

Жергілікті дәреже:

570

Ескеркіш

Есепте тұрған киелі орындар саны:

43

Жалпыұлттық дәреже:

15

Жергілікті дәреже:

28