Тарихы

Маңғыстау аймағы мен Үстірт жеріндегі тарихи-сәулет және археологиялық ескерткіштерді ғылыми зерттеу, мемлекеттік қорғауға алу, оларды насихаттау, қорғау-сақтау мақсатында 1980 жылы «Маңғыстау-Үстірт ескерткіштерінің мұражай қорығы» құрылған. Бұл мемлекеттік мекеме 1989 жылдан бастап «Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы» деп аталды. Қорық 1957 жылы салынған. Кольцовский геобарлаушы экспедициясының бастығы А.Кориневскийдің басшылығымен тұрғызылған осы ғимараттың құрылысына экспедицияның бас инженері Н.Сухоручкин, автобазаның бастығы И.Перепилица қатынасты. Ал, құрылысын – Насыр Қаниев бастаған жергілікті шеберлер, сол кездегі Ақтау селосының тұрғындары: Төлебай Рахов, Әлқуат Бесбаев, Ақберген Қожабергенов, Жөнекеш Қартбаев, т.б. жүргізді. Алғашқы клуб саналатын бұл ғимарат тарихи-мәдени ескерткіш ретінде 1993 жылы мемлекеттік қорғауға алынған.  

Бұл мекемені құруына атсалысқан 1977-1980 жж. облыстық мәдениет басқармасының бастығы Дәметкен Бошамбаевнаның, мекеменің негізін қалау бағытында жұмыстанған Қабиболла Иманұлының еңбектері орасан зор болып табылады. 1980 жылы қорықтың алғашқы директоры болып тағайындалған Сарбалаев Қабиболла Иманұлы Маңғыстау ескерткіштерін мемлекеттік қорғауға алу, сақтау мақсатында ерінбей еңбек еткен алғашқы тарих жанашырларының бірі ретінде артына өшпес із қалдырды. Кейіннен мекемеде 1985-1989 жылдары Беркалиев Ерболат Ажибайұлы, 1989-1997 жылдарда Нұрқабаев Мақсұт Сұлтанұлы басшылық етеді. Ал 1997 жылдан бастап 2012 жылға дейін бұл мекемені еліміздің мәдениетін көркейту мен дамытуда айрықша үлесі бар Таимова Франгиза Қисақызы басқарды. Осы кезеңдерде Алманова, Амангалиев, Айтыманов, Хизгилова, Тасимов, Богословский, Нұрбаев, Бектұрғанов, Абланова, Астафьев, Қонратбаева, Құлымбаев, Қожабекова және өзге де қызметкерлер еңбек етіп, тәжірибелі маман иелері болып қалыптасты. Еліміздің мәдениетін көркейту мен дамытуда бұл қызметкерлердің еңбектері айрықша, олардың қызмет бабындағы асқан іскерлік қабілеттері айналасындағыларға қызығушылық сезімдерін туғызып отырды, олар барлық күш-жігерлерін жұмсап, Отаны үшін, қоғамдағы қызметі үшін  жанын сала еңбек ете білді. 2013 жылдан бастап қорық мекемесін тарихшы, өлкетанушы, генеалогия және эпиграфика маманы – Құлбаев Нұрлан Абызұлы басқарып келеді.

Қазіргі таңда мекемеде «Ескерткiштердi есепке алу және қорғау», «Сәулет және археология», «Экскурсия-көпшілік бөлімі» мен «Қор секторы» жұмыс жасайды. 

«Ескерткiштердi есепке алу және қорғау» бөлімі тарихи-мәдени ескерткіштерді жаңадан анықтау, зерттеу, сақтау  және қорғау жұмыстарымен оларды құжаттандырып, паспорттарын, есеп карточкаларын жасаумен, қайта қалпына келтіру жұмыстарымен айналысады. Ескерткіштердің қорғау аймағы мен қоршауларын заңды түрде бекіту жұмыстарын жүргізеді. 

«Сәулет және археология» бөлімдері ескерткіштердің негізгі жобасын, сызбаларын, крокаларын салу, сонымен бірге далалық қазба жұмыстарын жүргізу бойынша жұмыстарды атқарады. Іссапарларға шығып, ескерткіштерді анықтап, далалық қазба жұмыстарына қатысып отырады. 

Қорықтың жыл бойына жүргізілген жұмыстары жыл аяғында әртүрлі жылжымалы көрме, слайд, буклет түрінде аяқталып, оларды «Экскурсия-көпшілік бөлімі» мамандары ауыл, аудан, облыс мектептеріне, республика және шет елдерге шығарып, насихаттайды, экскурсиялар жүргізеді. 

Корық мекемесінің жәдігерлері, ескерткіштердің құжаттары, паспорттары, есеп карточкалары, сонай-ақ мекемеге келіп түскен кітаптар қор бөлімінде сақталады. 1980-2015 жылдың ішінде қор бөліміне 99 771 артефакт пен жәдігер жинақталды. 

Қорықтың негізгі жұмыс бағыттары бойынша Маңғышлақ түбегі мен Үстірт жотасы, Каспий маңының оңтүстік бөлігіндегі Бозашы түбегі аймақтарына археологиялық барлау өткізу және ескерткіштерді зерттеу, есепке алу, құжаттандыру, техникалық жағдайын тексеру мақсаттарында жылма-жыл ғылыми-зерттеу экспедициялары өткізіліп отырады. Іссапарлар барысында жұмыс жан-жақты атқарылады, қызметкерлер елді мекендерге соғып, маңайдағы ескерткіштер туралы аңыз-әңгімелер, шежіре, тарихи деректер жинауға да тырысады. Жиналған деректер негізіндегі шығарылған ғылыми жинақтар жеткілікті. 

Өңірдегі ескерткіштерді насихаттау мақсатында, қорықтың ғимаратында 2007 ж. «Археология» және «Сәулет ескерткіштері» 2-залдарынан тұратын «Маңғыстау ескерткіштері» атты тұрақты экспозиция жасақталды. Бұл залдар жылдар бойына қор бөліміне жинақталған мәліметтерден құрылған (фотосурет, ғылыми-анықтамалық материал, кешенді суреттер, этнографиялық мәліметтер, көшірме, өлшемдер, сызба және т.б.). Облыстан келген қонақтарға және қала тұрғындарына арнап салынған бұл экспозиция шалғай және алыс жерлерде орналасқан Маңғыстаудың бірегей ескерткіштері жайлы жан-жақты мағлұмат береді.

Жыл бойында қорықтың «Маңғыстау ескерткіштері» тұрақты көрмесі және «Ежелгі Маңғыстау мұралары»,  «От киесі», «Маңғыстаудың киелі орындары», «Маңғыстау – ашық аспан астындағы мұражай», «Сисем-ата қорымы», «Ортағасырлық Қызылқала қалашығы», «Маңғыстау петроглифтері» тақырыптық жылжымалы көрмелері арқылы қала тұрғындары мен қонақтарға, абитуриенттер мен студенттерге, үйірмелер мен мектеп оқушыларына, сондай-ақ жазғы маусымда балалар демалыс орындарына және өлкеге саяхаттап келген шетелдік азаматтарға экскурсиялар өткізіліп, көрермендер қамтылады. Жыл бойында Маңғыстау түбегінің тарихы мен айрықша құнды ескерткіштерін жасөспірімдер арасында насихаттау мақсатында тарихшылар, өлкетанушылар, ізденуші ғалымдар және ғылыми қызметкерлермен мектеп оқушылары, студенттер арасында тақырыптық сұхбатты кездесу кештері ұйымдастырылып отырады.

Бүгінгі таңда тарихи-мәдени мұраның 13 000-нан астам объектілері зерттеліп, паспортталды. 449 тарих және мәдени етескерткіші мемлекеттік қорғауға алынған (249 археология ескерткіштері, 140 кешенді ансамбль, 60 сәулет және қала құрылысының ескерткіштері), оның 21-і республикалық мәртебеде. Бұған қоса 800-ден астам тарихи-мәдени мұра нысандары алдын ала есепке алу тізіміне еңгізілген.

«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2007 және 2010 жылдары «Каспий-Арал өңірінің тарихи-мәдени мұралары» І-ІІ Халықаралық ғылыми практикалық конференциялары ұйымдастырылып, өлке тарихына деген Ресей, Әзірбайжан, Өзбекстан, АҚШ және Қазақстанның ірі ғалымдарының назарын аударды. Осының нәтижесінде қорық қызметкерлері Түркменстан Ғылым академиясының Ашхабад қаласында өтетін ғылыми-практикалық конференциясына шақырылып, Каспий аймағы мемлекеттерінің тарихығалымдардың бірлесіп терең тануына жолдама алды.

Қорық мекемесі құрылғаннан бері төмендегі тұрғын жерлерінде археологиялық зерттеулер жүргізілді: Қосқұдық І-ІІ, Басқұдық, Ақтау жерлену жері, ортағасырлық Қызылқала, Кетікқала қалашықтары, ерте темір дәуірінің Тасбас, Құйрықты, Алтынқазған діни-қабірлеу кешендері, ерте темір дәуірінің Бәйте-3,Түбежік-1,2, Меретсай-1,2, Дықылтас ғибадатханалары, қола дәуірінің Саура бекінісі, Ұлкенқұдық діни-қабірлеу кешені, ортағасырлық Сұлтан-үпі, Шақпақ-ата жерасты мешіттері, Сисем-ата, Көккүмбет, Ақшора, Сырлытам қорымдарында.

1983 жылы Ақтау қаласы мен Ақшұқыр ауылының аралығындағы Ескі Қосқұдық құдығының жанынан адамдардың мекен-жайы табылды. Археологтар энеолит дәуірімен белгіленетін Қосқұдық мекен-жайының Каспий теңізінің батыс жағасындағы бірінші малшылардың мекені екенін анықтады. Маңғыстау өңіріне алғашқы адамдардың келіп қоныстануы әзірше толық зерттелмеген.

1991 жылы жергілікті археологтар Қараған түбектің Сақақұдық жерінен б.д.д. 13-ғасырда жерленген адамның сүйегін тапты. Сондай-ақ, Дікілтас жерінен салынғанына 2000 жылдан астам уақыт болған ескі молалардың орнынан 40 адамның өлігі және мылтық, бағалы бұйымдар, ыдыстар, шаруашылық құралдары табылды. Антропологтар бір өліктің сүйегін жинап, оның сыртқы келбетін құрастырды. 

1998 жылы қорықтың археология бөлімі меңгерушісі Ольховский жетекшілік еткен Батыс Қазақстан археологиялық экспедициясының Бәйте-3 ғибадатханасы аршу бойынша Үстірт отрядының жұмыстарына қатысты. Археологтар бұл жерден табылған адамдардың тас мүсіндерінен олардың бойын, бет-әлпетін, бас киімдерін, бағалы бұйымдарын, құрал-саймандарын анықтап, б.д.д. 4-2 ғасырға жататыны анықталды.

2000-2001 жылдары жергілікті археолог А. Астафьевтің жетекшілігімен Шебір елді мекені жерінен мезолит кезеңді елді мекеннің орындарына және Шайыр ауылы маңындағы Сырлытам ерте темір дәуірлік ескерткішінде қазба жұмыстары өтті, Ақтау қаласының 14-ші шағын ауданында энеолит, қола дәуірі, ерте темір дәуірлерімен белгіленетін ескерткіштерге зерттеулер жүргізілді. 

2002 жылы Маңғыстау ауданының Қызан ауылы маңайындағы Бейіт-төбе жерінде ерте темір дәуіріне жататын алғашқы көшпелілердің рулық қорымдығы зерттелді. Археологиялық зерттеулер Маңғыстау түбегі мен Үстірт өңіріндегі сәулет өнерінің дамуы туралы мәліметтер береді. 2003-2004 ж.ж. археологтар Түпқараған жеріндегі үш тас құрылысының (Түбежік 1,2 және Меретсай) қалдықтарын зерттеді. Мамандардың тұспалдауы бойынша өлкедегі тастан жасалған құрылыстар жергілікті сәулет өнерінің дамуының тым ерте кезеңін тас ғасырының соңғы кезеңімен белгілейді. Көне дәуірдің архитектуралық дәстүрінің дамуы мен салыстырмалы түрде жаңа заман құрылыстары ерекшеліктеріне мұқият жүргізілген сараптамалары ежелгі құрылыстардың сыртқы көрінісін қайта құруда үлкен мүмкіндік берді. Бұл зерттеулер қазіргі заманғы және өткен кезең мәдениеті арасындағы тікелей сабақтастықты көрсетеді. 

Рухани саланы дамыту, елдің мәдени мұрасының сақталуы мен тиімді пайдалануын қамтамасыз ету мақсатында 2004-2006 және 2007-2009 жылдарға арналған «Мәдени мұра» өңірлік-салалық бағдарламасының аясында көптеген іс-шаралар жүзеге асты.

Атап айтқанда, 2005 жылы қола дәуіріне жататын бұл екі діни-қабірлеу кешені орындарына қазба жұмыстарын өткізілді. Жерлеу дәстүрінің бірегейі – жұмыртқа тәріздес шұқырға жерлеу Евразия далаларына жүргізілген археологиялық зерттеулер қорытындыларында кездеспейді. Үлкенқұдық кешенінің жерлеу дәстүрі ұлы даланы мекендеген ежелгі көшпелі халықтың әлем және өмір жаратылысы туралы діни түсініктерімен тығыз байланысты. 

2004–2005, 2008-2009 жылдары жергілікті мамандар жүргізген археологиялық зерттеулер нәтижесінде Ұлы Жiбек жолы бойында орналасқан Хорезм империясымен байланыста болған «Қызылқала» орта ғасырлық сауда қаласы анықталған болатын. Жалпы көлемi 50 га дейiн қамтып жатқан бұл ескерткішке 2008-2009 жылдары Ә. Марғұлан атындағы Археология институты мамандары жалғастырды. Табылған артефакттар қалашық өмірінің әртүрлі міндеттері, сауда-экономикалық байланыстары жайында, жергілікті өндірістің қалыптасуы мен оның транзиттік сауда дамуындағы басты рөлі мен Х-ХІІ ғасырларда тұрғындардың саяси және басқа да байланыстары туралы ақпараттар береді. 

2014 жылы Саура бекінісінде, Алтынқазған үйігінде, Кеттікқала қалашығында археологиялық зерттеулер жүргізілді. 

Саура сайына туристерді тартуды дамыту мақсатында, 2014 жылы объектінің алғашқы кейпін қалпына келтіруге тырысуға, бекініске археологиялық зерттеулер жүргізу үшін облыстық бюджеттен қаражат бөлінді. Зерттеу нәтижесінде, бекініс қабырғасы жоспарда ішкі және сыртқы екі бұрышы бар сынық ирек тәрізді болғандығы анықталды. Ішкі бұрышынан өткел қалдырылып, сыртқы бұрышынан көлемді қабырғалары бар, тікбұрышты бөлме жапсарланып салынған. Өткелде және бекініс қабырғаларының үйіндісі астынан бірнеше қыш ыдыстардың сынықтары табылды, бұлар археологтардың бекініс уақыты қола дәуіріне жатады деген алғашқы пікірлерін нақтылады (б.з.д 2 мыңжылдықтың ортасы). Табиғи қайта құру барысында ғимараттың бастапқы кейпі жайлы аздаған мәліметтер сақталған жерлері ғана қалпына келтірілді. Қалпына келтірілген ескерткіш музеефикациядан соң Саура сайының маңызды туристік нысанына айналады.

Кетікқала қалашығында (14 ғ.) алғашқы археологиялық зерттеулер жасалды. Қалашықтың болжанған алғашқы аумағы 15-16 га құруы мүмкін. Перспективалық зерттеу аумағы – 5 га. Археологиялық қазба жұмыстары 235 кв.м. аумақта мәдени қабаттың 0,5-0,7 м орташа қуаттылығы бойынша, жоғарғы тереңдігі 2 м шамасында жүргізілді. Қазба жұмысы аумағында жер бетіне салынған бірнеше құрылыс іргетастары, үш жертөле ойығы, жартылай жертөле ойығы мен шаруашылық телімдері ашылды. Қазба жұмыстары барысында Алтын Орданың (Сарай-Бату, Сарайшық, т.б.) Хорезмнің, Иранның, Азербайжанның және Қытай елінің басты қала орталықтарында өндірілген көптеген керамика ыдыстарының сынықтары табылды. Шойын қазан, темір мен тастан жасалған заттардың бөліктері табылған жерлер де бар. 14 ғасырдың екінші жартысында жасалған 14 тиын табылды. 

Алтынқазған діни-қабірлеу ескерткішіндегі алдын-ала зерттеу жұмыстары 130 га аумақтан үлкен ескерткерткіштер кешенін (200-ге жуық объект) анықтауға мүмкіндік берді. Тас құрылыстардың қалдықтарының, табылған метал бұйымдардың көптігі, сонымен бірге олардың бірегейлігі және бұл жер туралы қандай да бір тарихи мәліметтердің жоқтығы 2014 жылғы зерттеу жобасының жоспарлық қаржыландыруды көбейтуді қажет етті. Биылғы жылы діни-табынушылық маңызды тас құрылыстары бар, ашылған жалпы көлемі 2000 кв.м. болатын 4 объектіге археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, ескерткіш картасы жасақталды. Қазба жұмыстары нәтижесінде, біреуі катакомба тәрізді етіп жерленген екі адамның қабірі табылды. Ескерткіш аумағынан металдан жасалған көптеген ат-әбзелдері және үш қойма табылды. Зерттеу жұмыстары ескерткіш жайлы қазіргі білімнен жоғары кешенді зерттеуді қажет ететін, ашылған ескерткіштің уақыты, мағынасы, тарихи маңыздылығы жайында бірқатар маңызды болжамдар жасауға мүмкіндік берді. Алтынқазған біздің өлкемізге белгісіз көнеантикалық және ерте ортағасыр кезіндегі халықтардың ұлы көші дәуіріне жатады (б.з.д. 3-4 ғғ). 

Тарихи-мәдени қорық мекемесінде 449 ескерткішті мемлекеттік тізімге қабылдау жұмыстары жүргізіліп, Маңғыстау облысының тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізбегі жасақталды. Маңғыстау облысының  тарих және мәдениет ескерткіштерін жаңадан анықтау мақсатында Маңғыстау облысы бойынша кешенді іссапарлар ұйымдастырылып, нәтижесінде мемлекеттің есебіне 35 сәулет және 105 археология ескерткіштері ұсынылды. 2009-2014 жылдары аралығында 51 тарих және мәдениет ескерткішіне қорғау тақтасы орнатылды, 12 ескерткіштің қорғау аймағы мен құрылыс салуды реттеу аймағы, табиғи жер бедерінің қорғау аймақтары бекітіліп, 7 нысан жобалау кезеңінде.

1980-2014 жылдары аралығында мемлекеттік есепте тұрған 57 діни-сәулет кешендерінің 511 объектісінде ғылыми қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.

Қорық қызметкерлері әр түрлі халықаралық, республикалық, облыстық шараларға белсенді қатысып отырады. Атап айтқанда, Украинадағы (2006 ж.) және Оңтүстік Кореядағы (2010 ж.) Қазақстан мәдени күндері, «Каспий-достық теңізі» Халықаралық фестивалі, Бекет-атаның 260-жылдығы (2010 ж.), Ақтау қаласында өткен Евразия қалаларының 7 Халықаралық мәдени мұра конференциясы (2014 ж.), Астана қаласындағы (2013 ж.) және Оңтүстік Қазақстан облысындағы (2014 ж.) Маңғыстау мәдени күндері, Ақтөбе қаласында өткен «ITFA-2014» Халықаралық туристік көрмесіне, Астана қаласындағы Маңғыстаудың мәдени күндері аясында - «Келісім сарайы» (2016 ж.), Ақтөбе қаласындағы «Руханият» мұражайына (2016 ж.).  Осы шаралар аясында «Маңғыстау – ашық аспан астындағы мұражай», «Ұлы даланың күзетшілері», «Маңғыстаудың киелі орындары», «Сисем-ата қорымы» және «Ортағасырлық Қызылқала қалашығы», «2014-2015 жж. Маңғыстауда жүргізілген археологиялық зерттеулер» жылжымалы көрмелері шығарылып, таныстырылды.

Маңғыстау мен Үстірт аймағы әлі де болса аз зерттелген. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық өркендеуі жергілікті халықтың да жағдайын жақсартып, мәдениетінің қарқындап өсуіне ұласып, дүниежүзілік мәдениет аясында бірегей тарихи мұрасы бар осы өлкенің өз ерекшелігін сақтауға септігін тигізер деген сеніміміз мол. 

Жарияланған күні: 26 сәуір 2019: 10:23  

 

 

Ескеркіш

Есепте тұрған ескерткіштер саны:

590

Республикалық дәреже:

20

Жергілікті дәреже:

570

Ескеркіш

Есепте тұрған киелі орындар саны:

43

Жалпыұлттық дәреже:

15

Жергілікті дәреже:

28