Skip to content

Маңғыстау археологиялық ескерткіштері

Маңғыстау тарихының ерекшеліктері бүгінгі таңда ғылыми әлемнің
қызығушылығын оятып, дәйекті деректерімен қолдау туғызуда. Аймақтың
құпиясы ашылған әрбір ескерткіші Қазақстанның ғана емес, бүкіл адамзат
тарихында елеулі орын алып отыр. Олар: ежелгі палеолиттік Сарыташ
шығанағы шеберханалары, тас дәуірінің аяғы кезеңді Қосқұдық кешенді елді
мекені, қола дәуірінің қала типтес Тоқсанбай, Айтман ескерткіштері,
Бәйте 1-3, Қызылүйік, Тасастау, Қайнар, Әурентөбе, Соққы, Ақпан ерте
темір дәуірінің ғибадатханалары, Жезді, Қарақауақ және Қызылқала орта
ғасырлық қалашықтары, Шақпақ-ата, Қараман-ата, Сұлтан-епе, Шопан-ата,
Бекет-ата жерасты мешіттері, орта ғасыр және жаңа заман кезеңдерінің
кешенді қорымдықтары. Тарихи-сәулет және археологиялық ескерткіштер
тізімі жыл сайын жаңадан анықталған объекттермен толықтырылып отыр.

Облыстағы соңғы жылдардағы археологиялық зерттеулердің басты
бағыттарының бірі 10-13 ғғ. кезеңдерімен шамаланатын Қызылқала орта
ғасырлық қалашығы қалдықтарын зерделеу болып табылады. Бұл ескерткіш
Қазақстан аймағындағы ірі ескерткіштердің бірі ретінде саналады.
Қызылқала қалашығы мәліметтері Арал-Каспий өңірі көшпелілерінің орта
ғасырлық тарихы, сондай-ақ Шығыс Европа мен Азия елдерінің сауда
бағыттары мен дамуы туралы шексіз жұмбақтардың шешіміне негізді жол
сілтейді.

http://manzapowednik.kz/images/13/2014.pdf 

Leave a Reply