Skip to content

Бармақ некрополі

Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы Орталық Үстірттегі Бармақ құдығынан 400 метрдей қашықтықта жазық жерде орналасқан. ХІV – XVIғғ., XVIIIғ. аяғы –XXғ. басы кезеңіндегі ескерткіштер. Некропольде 100-ге жуық орта ғасырлық және жаңа заман ескерткіштері шоғырланған. Ескерткіштердің қазіргі техникалық жағдайларына байланысты, сәулет пішіндерінің ерекшеліктері негізінде некропольден 23 ескерткіш есепке алынған. Некропольдің солтүстік-батыс бөлігінде ХIV ғасырда оғыз-қыпшақ кезеңіне жататын ескерткіштер орнатылған. Өңделмеген тастардан тас қоршаулар мен стелалар тұрғызылған. XVIIIғ. басы –XX ғасырдағы күмбезтам мен сағанатам қабырғаларының қасбеті өңделген жалпақ тастардан тұрғызылған. Некропольдегі сәулеттік құрылысы көркем, сақталуы жақсы деңгейдегі порталды сағанатамдар мен күмбезтамның қабырғалары өңделген плиталармен көмкеріліген, төртбұрышты кіріс ойықтары оңтүстікке бағытталған. Қабірүсті ескерткіштерінде сызба, бедерлеп ою-өрнектер, жануар, қару-жарақ суреттері, эпитафиялар кескінделген. ХІХ ғ. аяғы – ХХ ғ. басымен шамаланатын күмбезтам барабан тәрізді күмбезі найзатасымен жақсы сақталған, жалпы биіктігі 6,6 метрге жетеді. Некропольде қойтастармен орнатылған түрлі геометриялық пішіндермен нақыштала қашалған төрт қырлы құлпытастар және шырағдантас кездеседі. Ескерткіш 2007 жылы Мемлекеттік қорғауға алынған.

Некропольдің жол сілтегіші, қоршауы, қорғау тақтасы орнатылмаған. Некрополь көлемі – 1,4 га. 

Leave a Reply