Маңғыстау облысы, Қарақия ауданында Әліке-Қанай құдығының жанында орналасқан. ХІХғ соңы –ХХғ. басы кезеңін алатын ескерткіш. «Олжашы Жеменейдің айтулы байларының қатарында болған сақи Әліке атақты құдықшы Қараш Бенеубайға қаздырған екі құдығын қайтыс болған қызының аты қалсын деп Әліке-Қанай атаған» дейді. Некропольде күмбезтам, сағанатамдар және тас белгілермен орнатылған тас қоршаулар мен тас үйінділері сақталған. Цокольді екі белдікке орнатыла тұрғызылған күмбезтамның дулыға үлгісіндегі күмбезі төбесіне дейінгі (найзатасы жартылай сынып құлаған) жалпы биіктігі 6 м-ге жетеді. Сыртқы қабырға плиталарына сызба әдістерімен өсімдік бейнелі ою-өрнектер, эпитафия, жылқы, түйе, киік, самаурын – шәйнек, мылтық, арба суреттері түсіріліп, қабырға тегістігінде жіңішке белдіктер жасай көмкерілген күмбезтамның ішкі қабырға көрінісі әртүрлі сырлы боулармен салынған суреттермен безендірілген. Батыс бағытына геометриялық пішіндермен нақыштала қашалған 8 қырлы құлпытас орнатылған сағанатамның құрылысы бұзылған.