Әжімұрат (Мәмішқазған) күмбезтамы
ХІХ ғасыр – ХХ ғасырдың басы Бейнеу ауданы, Тұрыш селосынан 12 км оңтүстік-батыс бағытта орналасқан.
Ескерткіш алғаш рет 2005 жылы қорық қызметкерлерінің іссапарында зерттелген. 2007 жылы маусым айында қорық қызметкерлерінің «Көшпелілердіңмәдени мұрасы мәселелері жөніндегі қазақ ғылыми-зерттеу институты» мамандарымен бірлескен экспедициясы барысында құжаттандырылған.
Қорымда орналасқан 10-нан астам ескерткіштер арасынан күмбезтам есепке алынған. Күмбезтам жоспарда тіктөртбұрышты, алдыңғы қабырғасы қалған қабырғаларына қарағанда сәл көтеріңкі етіліп қаланған, әсем партолы мен кіріс жиектері өрнектеле қашалған, дулыға үлгісіндегі күмбезінің оңтүстік-батыс бағытынан шығыңқы етіп төртбұрышты ойық шығарылған, найзатасы конус-пирамида пішіндерінен қашалып жоғарғы төбесіне сүйірлене біткен. Төртбұрышты кіріс ойығы оңтүстік-батыс бағытталған. Күмбезтамның ішкі-сыртқы қабырғаларының беттері әртүсті сырлы бояулармен салынған ою-өрнек, тұрмыстық заттардың суреттерімен безендірілген, араб эпиграфикасы түсірілген.
Күмбезтамның қабырғасындағы жазулардың аудармасы: Адай руы Қырықмылтық тайфасы Есекей бөлімі Тәңірберген баласы Әжімұрат ибн Әділ. Әжімұрат немересі Ақбас ұғлы Аяп мырза уфат болды 14 жасында, жаздырған әкесі Ақбас 1308 санада. Бу тамды өзінің тірісінде Әжімұрат өзімнің жайым болсын деп балалары Ақбас, Қантайлақ, Шопан бу тамды істепті деп хат бітілді. Жан Әлғимат амал ұстасы Дәулетнияз Шеркешбайұлы. Мұны жазушы молла Табынбай Досат Адай руы Қырықмылтық журияты. (Н.Құлбаев «Арал-Каспий аралығы тарихи-мәдени ескерткіштеріндегі араб графикалық мәтіндердің анықтамалығы» кітабы 1 том Алматы 2015ж)