Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы, Ақжігіт селосынан 53 км оңтүстік бағытта орналасқан. Қорымдағы күмбезтамның қабырғалары өңделген плиталармен қапталған, оңтүстік батысқа бағытталған төртбұрышты кіріс ойығының жоғарғы жағы үшбұрышты сүйірлене біткен. Дулыға пішінді күмбезінің найзатасы әйкелтасынан бөлініп құлаған. Қорымдағы қадақ тастардан тұрғызылған және шала немесе жартылай өңделген тастардан қаланған тас қоршаулар әр түрлі пішінді болып келеді. Қорымның солтүстік батыс бөлігіндегі тас белгілерімен орнатылған тас қоршаулардың құрылысы жартылай немесе түгелге жуық бұзылған. Қорымның батыс бөлігінде орналасқан сағанатамның біреуі порталды болып келеді, екіншісінің құлпытасы сынып бөлінген, құлаған. Қорымның шығыс бөлігінде қорған үйіктері табылған. Қорымға 2014 жылы жаңадан қорғау тақтасы орнатылды.