«Маңғыстаудың жерасты мешіттері және олармен сабақтас нысандар»
ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енді
(Шопан ата жерасты мешіті, Қараман ата жерасты мешіті,
Шақпақ ата жартасты мешіті, Сұлтан үпі жерасты мешіті, Оғыландыдағы Бекет ата мешіті)
«Маңғыстау – қазақ даласының
қиыр шеті ретінде осындай қияндағы
өлкелерге тән ерекшеліктерді,
рухани белгілерді барынша молынан
сақтаған кеңістік….»
Серікбол Қондыбай
1945 жылы 16 қарашада Біріккен Ұлттар Ұйымының Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымы (UNESCO) құрылды. Дәл осы күні Лондонда өткен конференцияда оның Жарғысы қабылданып, оған 37 мемлекет қол қойды. Бүгінде бұл ұйымға 193 ел мүше.
Қазақстан ЮНЕСКО-ға 1992 жылы 22 мамырда мүшелікке енді. ЮНЕСКО-мен белсенді әріптестікке және әлемдік қауымдастыққа бірігуге ерекше ден қоя отырып, 1993 жылы ұйыммен өзара қарым-қатынаста негізгі бағыттарды анықтайтын ҚР СІМ жанынан ЮНЕСКО ісі бойынша ҚР Ұлттық комиссиясы құрылды.
ЮНЕСКО-ның басты мақсаттарының бірі – жер бетіндегі көрікті, тарихы бай мәдени жәдігерлер мен табиғи мекендерді қорғау. ЮНЕСКО тізіміне енген мұралар адамзат үшін өте құнды әрі ортақ дүние саналады. Мұндай жәдігерлер ұлтқа бөлінбейді, адамзатқа ортақ. Нысандарды тізімге қосу мен қорғауға алуды арнайы мамандар шешеді. Мәдени жәдігер тізімге қосылғаннан кейін халықаралық қорғау құқығына ие болып, ЮНЕСКО-ның бақылауына өтеді. Мұраны тізімге қосуды да, шығаруды да ұйымның өзі шешеді.
ЮНЕСКО-ның 2001 жылдан бергі тұрақты өкілі, ақын, қоғам қайраткері, Невада-Семей қозғалысының төрағасы Олжас Сүлейменов кезекті бір сұхбатында «Маған бұл жұмыс тіптен ұнайды. Өйткені бұл білім мен мәдениет саласына жақын, сырт қараған да бұл жұмыс оңай болғанымен қағазы көп үкіметтік қызметтердің бірі деп айтуға болады. Менің бір орындалған арманым Колизей мен атцтек пирамидаларының қатарына Қожа Ахмет Яссауи кесенесін қостық. Енді мұраның сақталу мен қорғалуын әлемдік ұйым қадағалап отыратын болады. Ұйым Қазақстанға көп мән береді. Біз осы ұйымға кіру арқылы басқа мәдениетпен қарым-қатынас жасай отырып өзіміздің мәдениетіміздің адамзат өркениетінің бір бөлігі екендігін өзгелерге сезіндіру» деген болатын. Мінекей осылайша қазіргі таңда әлемдік мұра тізіміне енген ескерткіштеріміз қатары көбейіп, әрбір нысан өзінің мемлекет аумағында қорғалуы тиіс және жаһандық деңгейде насихатталады.
Маңғыстаудың жартасты мешіттерін ЮНЕСКО тізіміне енгізу жұмыстары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынып, Президент 2024 жылы Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында осы бағыттағы жұмысты бастауды тапсырған болатын. Осылайша өздеріңізге мәлім болғандай биыл 25 шілде күні Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өткен ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра комитетінің 48-сессиясында «Маңғыстаудың жерасты мешіттері және олармен сабақтас нысандар» Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілді. Сериялық нысан құрамына: Шопан ата жерасты мешіті, Қараман ата жерасты мешіті, Шақпақ ата жартасты мешіті, Сұлтан үпі жерасты мешіті, Оғыландыдағы Бекет ата мешіті, 5 нысан енді.
Әрбір кешеннің құрамына жерасты мешіттері, қорымдар, сопылық ілім өкілдерінің кесенелері мен жерлеу орындары, зиярат жолдары, киелі құдықтар және діни мәні бар өзге де нысандар кіреді. Бұл орындар ғасырлар бойы үзілмеген рухани дәстүрдің сақталуына ықпал етіп, бүгінге дейін зиярат етушілердің маңызды орталығы ретінде маңызын жоғалтқан жоқ. Сонымен қатар киелі орындарды күтіп-баптап, олардың сабақтастығын жалғап келе жатқан шырақшылық дәстүрі де сақталған.
Бес кешеннің барлығы мемлекет қорғауында және Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген. Оларды ұзақ мерзімге сақтауды қамтамасыз ету мақсатында 2027-2032 жылдарға арналған кешенді басқару жоспары әзірленіп жатыр. Құжатта ескерткіштерді сақтау, киелі тарихи-мәдени кеңістікті қорғау, келушілер ағынын тиімді ұйымдастыру, ықтимал қатерлердің алдын алу және ғылыми зерттеулер жүргізу мәселелері қамтылған.
Осы орайда енді Маңғыстау мешіттерінің басты сәулеттік ерекшелігі, тарихи-мәдени құндылықтары күллі әлемге танылады. Өлкенің мұндай тарихи-мәдени ескерткіштерінің басты сәулеттік ерекшелігі олардың табиғи жартастардан ойылып жасалуы, табиғи жарық пен желдету жүйесінің қолданылуы, көп бөлмелі құрылымы және табиғатпен үйлескен бірегей сәулеттік шешімдері. Сондықтан олар Қазақстандағы ғана емес, әлемдегі сирек кездесетін сәулет ескерткіштері болып саналады.
Жерасты мешіттер борлы жартастардың ішінен ойылып жасалған. Бұл әдіс жаздың аптап ыстығында салқын, қыста жылы микроклимат қалыптастырады. Төбесінде арнайы жарық түсіретін және ауа өткзетін ойықтар орналасқан. Олар ішкі бөлмелерді табиғи жарықпен қамтамасыз етіп, желдету қызметін атқарады. Кейбір мешіттер бірнеше бөлмелерден тұрады. Әр бөлме намаз оқу, шәкірттерді оқыту, оңаша құлшылық ету сияқты түрлі мақсаттарға арналған. Ал енді бірінің орталық бөлмелері күмбез тәрізді етіп жасалған. Кейбір мешіттердің төбесі ұстап тұратын тас бағаналары да сақталған. Қабырғаларында арабша, эпиграфикалық жазулар, геометриялық өрнектер және көне таңбалар да кездеседі.
Табиғатпен үйлесімді орналасуы мешіттер көбіне биік жартастардың етегінде немесе Үстірттің шетінде орналасқан. Бұл сопылық дәстүрдегі оңашалану қағидасына сәйкес келеді. Маңғыстауда сопылық дәстүр мен көшпелі мәдениеттің сан ғасырлық сабақтастығы нәтижесінде қалыптасқан бірегей киелі кеңістіктің әлемдік мәдени мұра үшін маңызы орасан.
Халқымыздың өткенінен сыр шертетін қастерлі мұра тарихи-мәдени жәдігерлер – өткен тарихтың куәсі. Олар кейінгі ұрпаққа аманат. Оны зерттеп, зерделеу, ғылыми айналымға енгізу, кейінгі ұрпаққа сыны мен сырын жоғалтпай жеткізу – әрбір Отанын сүйетін азаматтың парызы.
«Экскурсия-көпшілік» бөлімінің меңгерушісі
Яриханова Айман Керліқұлқызы

Оғыландыдағы Бекет ата мешіті

Қараман ата жерасты мешіті

Сұлтан үпі жерасты мешіті

Шақпақ ата жартасты мешіті

Шопан ата жерасты мешіті
