Маңғыстаудың орта ғасырлық кіші пішінді сәулет ескерткіштері туралы
Арал-Каспий өңірі ежелден Солтүстік пен Оңтүстіктің, Шығыс Еуропа мен Орталық Азияның мәдениет әлемін, отырықшылық дәстүр мен көшпелілер өркениетін байланыстыратын орталық аймақ болуының өзі Маңғыстау мен Үстіртте ерекше тарихи-мәдени ескерткіштер тобының қалыптасуына ықпал етті. Бұл өлкедегі бағзы заманнан бері оңай өндірілетін ақ-бор ұлутастардан жасалған туындылар өзінің пішін-құрылысын ұзақ уақытқа дейін сақтап тұрған. Археологтар жергілікті тастың бұдан 5 мың жыл бұрынғы уақыттан бастап, тұрғын-үй құрылыстарына пайдаланылғанын нақтылайды, ал күмбездеп жабу үлгісі Маңғыстау жерінде қола дәуірінің соңғы кезеңдерінде-ақ қолданыста болғанын айтады. Басқа материалдан тұрғызылған ғимараттар өзінің бастапқы келбетінен мүлдем өзгерген немесе құрылысы түгелдей бұзылған болса, Маңғыстау ескерткіштері қиранды күйінде де ежелгі көшпелілердің тұрмысы мен мәдениеті, діни-нанымдары, сәулет өнері туралы көптеген мәліметтер береді.
Қабірүсті сәулет пішіндерінің әртүрлілігі көшпелілердің исламға дейінгі діни-нанымдары мен мұсылмандық әлемнің өзара байланысын бейнелейді. Арал-Каспий аймағы көшпелілерінің діни-мемориалдық сәулет өнерінің типологиясы мен генезисін жасақтау бойынша тарих ғылымдарының докторы, профессор Серік Әжіғали өзінің 20 жылдан аса жүргізген ауқымды жұмыстарының нәтижесінде 2002 ж. алғаш рет "Көшпенділер архитектурасы – Еуразия тарихы мен мәдениетінің феномені" іргелі еңбегін жарыққа шығарған еді. Алайда бұл кітапта Маңғыстаудың ортағасырлық ескерткіштерін жіктеу мәселесінде кешендердің этникалық және тарихи-географиялық ерекшелігі туралы ақпарат өте аз қамтылған. Автор діни-жерлеу архитектурасының кіші пішіндерін жалпылама ажыратып жіктеуді жинақтап қарастырады, орта ғасырлар мен жаңа заман аралығында кейбір сәулет ескерткіштерінің басқа түрлерімен жүйелі ретте ауысуы байқалмаған деп жазады. Әрине, қабіртастардың жекелеген пішіндері әртүрлі хронологиялық кезеңдерде кездесуі мүмкін, бірақ әдеттегідей кешенді түрде емес, жалғыз-жарым болып келеді және олар уақыт өте жалпы діни-жерлеу пішіндерінің типологиялық-хронологиялық дамуының негізгі қатарынан шығып қалады. Кейіннен С.Әжіғалидың Маңғыстау түбегі мен Үстірт жазығының халық сәулетшілігі мен тас қашау өнерінің теңдесі жоқ ескерткіштері мен оның түрлеріне арналған тағы бір ғылыми-танымдық еңбегі шығарылып, көпшілік қауымның назарына ұсынылған болатын (Маңқыстау мен Үстірт ескерткіштері, 2014).
Ортағасырлық қорымдардың жоспарлануын салыстырмалы талдау кезінде қабір құрылыстарының формаларының шығу тегі мен тиісті хронологиялық тізбегі туралы мәліметтерді Орта Азияның этнографиясы мен ислам дінін зерттеген ғалым С.П.Поляковтың 1973 ж. еңбегінен табуға болады. Бірақ, бұл кітапта Маңғышлақ пен Солтүстік-Батыс Түрікменстанның далалық аймақтарының ортағасырлық кешендерінің хронологиясына қатысты дәлелдер шатастырылып жазылған. Сонымен қатар, Маңғыстаудың жерасты мешіттері мен жекелеген қорымдарындағы ерекше сәулет ескерткіштері туралы Батыс Қазақстандағы сәулет өнерінің қайталанбас туындылары – мемориалды мешіт-ғимараттарды жүйелеп зерттеген архитектор, сәулет өнері ғылымының профессоры болған М.Меңдіқұловтың еңбектерінен оқуға болады («Батыс Қазақстанның халық сәулет өнерінің ескерткіштері», Алматы, 1987).
Маңғыстау мен Үстірт жеріндегі ортағасырлық ескерткіштердің хронологиясын анықтауда маңызды тарихи оқиғаларға байланысты фактілерге сүйенуді қажет етеді. Зерттеушілердің пікірінше, бұл аймақтың қорымдарының қалыптасуының бастапқы нүктесі 11 ғ. екінші жартысына сәйкес келетін Орта Азиядағы Селжұқ қозғалысы кезеңімен салыстыруға болатын жергілікті көшпелі және жартылай отырықшы халықтың алғашқы мұсылмандану кезеңі болуы керек. Селжұқтар мемлекетінің этникалық ядросы ислам дінін қабылдаған оғыздардан тұрған (бір нұсқада мұсылманданған оғыздар түркмендер деп атала бастаған). Орта Азиядағы селжұқтардың белсенді сыртқы саясат жүргізген кезеңі ХІ ғасырдың 40-50 жылдарына сәйкес келеді. Бұл кезеңде селжұқтар Хорезмді жаулап алады. Түрікмендердің діни сенімдерін зерттеуші, атақты С.М.Демидовтың пікірінше, «кейінірек оғыз-түрікмен аталған солтүстік-батыстың, яғни Балқан маңы, Үстірт, Маңғышлақ және Арал маңы көшпенділерінің басым бөлігі ХІ ғасырға дейін бұрынғы діни сенімдері мен дәстүрлерін, атап айтқанда шаманизмді ұстанған» (С.М. Демидов, 1900).
Алайда Маңғышлақ аумағына мұсылманданған халықтың ертерек кіргені жөнінде де пікірлер бар, бұл ІХ-Х ғасырларда Хорезм мен Солтүстік және батыс Каспий аймағының арасындағы сауда жолдарында сауда, қолөнермен айналысатын елді мекендер кешенінің қалыптаса бастауымен байланысты делінеді. Бұл орайда, жергілікті археолог А.Астафьев өзінің көп жылдық тарихи-археологиялық зерттеулері бойынша жергілікті көшпелілердің арасында мұсылман әлемінің шекараларын ілгерілетудің алғашқы әрекеттері 10 ғ. соңғы ширегінде Маңғышлақ түбегі арқылы сауда қатынастарының белсенді дамуы кезеңінен бастап жүзеге асырылған деген тұжырым жасайды. Осы уақытта 13 ғ. басына дейін өмір сүрген Хорезм саяси-сауда форпосты ретінде Қызылқала қалашығының бекінісі салынады. Қызылқала қалашығы мен қазіргі Форт-Шевченко қаласындағы Қорғантас порты арасындағы транзиттік нүкте болып табылатын моңғол кезеңіне дейінгі Айғырлы бекінісі мен қонысының қорымынан өңделген немесе жартылай өңделген плита тастардан созылыңқы пропорциялы етіп жасалған шағын жерүсті жәшіктері - саркофаг (сандықтас) түріндегі қабіртастар табылған. Қабіртастың бұл түрі С.П.Поляковтың типологиялық классификациясындағы ең ерте кезеңді деп саналады. Саркофаг – тас жәшік, шығу тегі исламға дейінгі ерте кезеңдерде діни наным-сенім көріністерімен және адам сүйектеріне арналған қойма - оссуарий белгісімен байланысты. Шамамен 11-13 ғғ. кезеңдері аралығында қолданыста болған сандықтастар дара түрде немесе кіріс ойығы бар төртбұрышты немесе дөңгелек келген қоршаулар ішінде де кездеседі (кейіннен 18-19 ғғ. сандықтас-қойтас және құлпытас түріндегі кешенді қабірүсті құрылысының бір бөлігі ретінде қолданыла бастаған). Уақыт өте келе, саркофаг тұтас етіп жасалған қабір формасына айналады, оны жергілікті халық белтас деп атайды. С.Әжіғалидың типологиялық талдауы бойынша архаикалық (көне) қабіртастардың «А» тобының 1-түріне жатады (С.Әжіғали, 2002). Алайда, автордың бұл қабіртастар туралы деректері өте аз, жалпылама айтылады және бұл формалардың даму генезисін көрсетпейді. Белтастың басты белгісі – плита тастың жоғарғы бетін бойлай білікше қабырғалары қималанып, сатылана қашалып жасалған. Алғашқы белтастарда жіңішке бойлық білікшесі, кейде құрбандық шалатын ойығы бар, жұқа плита түріндегі сандықтастың қақпағын имитациялайды.
Дамудың келесі кезеңінде сандықтастың сыртқы қабырғалары антропоморфты белгілері бар өңделген жұп стелалармен алмастырылады, яғни жартылай өңделген тақта тастардан жоғарғы бөлігі адамның кеуде тұсы мен басының сұлбасы тәрізді мүсінделген, ал сандықтастардың қақпақтары құрбандық шалатын ойық пен бойлық білікшеге ауысады. Бейіттің мұндай анағұрлым ескі әрі архаикалық түрі сирек, көбіне Маңғышлақ түбегінің оңтүстік жағында кездеседі және олар әдетте қатты бұзылған немесе тоналған күйде болады. Кейде тас белгілердің жоғарғы бөлігін зооморфтық сипатта қашайтын болған, мысалы, тау арқарының симметриялы мүйізін бейнелеген. Тас белгілердің мұндай үлгіде жасалуы мұсылмандық реформалар басталған уақыттан, 12-14 ғғ. кезеңдеріне дейін де жалғасып келді (Тасмұрын, Қосащы, Садырнын, Көкесем, Масат ата). Тас белгілердің бұл түрі С.Әжіғали жасаған типологиялық классификацияға енбей қалған.
2010 ж. Үстірттегі Сисем ата қорымындағы ортағасырлық дәуірге қатысты неғұрлым ежелгі қабіртастарға А.Астафьевтің жетекшілігімен аршу-тазарту жұмыстары жүргізілген болатын. Оның ішінде жерлеу дәстүрін анықтау мақсатында 3 қабіртас аршылып, 20-25 см тереңдікке дейін қазылды. Зерттелгеннен кейін, барлық дәстүрі сақтала отырып, қайта көмілді. Нәтижесінде, Сисем-ата қорымының оғыз-түрікмен халқының ортағасырлық қабіртастарын зерттеу және оларға сипаттама беру кезінде жекелеген терминдер қолданылып, ғылыми есебі дайындалды, С.П. Поляков пен С.Әжіғали ұсынған типологиялық классификацияларға қатысты кейбір жаңа нақтылау терминдері, түсініктері мен белгілері енгізілді (Астафьев, 2010). Қысқаша тоқталсақ, қорымдағы Сисем-ата қабірі деген жерде аласа қорған тәрізді тас үйінді, ортаңғы бөлігінде жоғарғы жағы көрініп тұрған қабіртас және бөлектеу орналасқан сатылы табантастағы ерте кезеңді қойтас сақталған. Бұлар пішіні бойынша 14 ғ. ескерткіштеріне келеді, бірақ табантасы өзгешелеу: егер 14 ғ. қойтастары негізгі «дене» бөлігінен көлденеңінен немесе ұзына бойлай шығыңқы етіп сатылана жасалса, бұдан ерте кезеңді қойтастардың табантастары осылай болып келеді, демек бұл олардан кейінгі уақыттағы қабіртастарға тән болып есептеледі. Сондықтан Сисем атаның болжамды қабірі мен оған іргелес жатқан екі қабіртасты 15 ғасырға жатқызуға болады. Сисем-ата қабірінің айналасында түрікмен қойылымдарына қарағанда басқа типологиялық түрдегі қазақтардың ескерткіштері көп орналасқан. Мұнда қабірүсті құрылыстардың негізгі түрі - тігінен қойылған плита тастардан жасалған және өңделмеген жұптық тас белгілері бар қоршаулар ең ежелгі болып табылады (кейде тас белгілерге антропоморфтық кескіндер берілген). Қорымдағы ортағасырлық қабіртас пішіндерінің дамуын салыстыра отырып, кешеннің ең ежелгі хронологиялық кезеңі 11-14 ғасырлар деп жобалауға негіз бар. Қорымның солтүстік бөлігіндегі қабіртастар өте тұрақсыз, аз болып келеді және күнбатыс беттегі жекелеген қабіртастармен ұқсастықтары бар, 16 ғасыр кезеңдеріне тиісті болуы мүмкін. Сисем ата қабірі мен хронологиялық жағынан қатарлас осы аралық 19 ғ. - 20 ғ. басындағы қабіртас кешендерімен толтырылған болуы керек. Шопан ата және Караман ата қорымдарында да біртұтас типологиялық-хронологиялық қатардағы қабіртастардың жекелеген топтары бір-бірінен едәуір қашықтықта орналасқаны байқалады. Осылайша, Сисем ата қорымының қалыптасуының бастауын Маңғыстау жеріндегі 11 ғ. екінші жартысындағы алғашқы мұсылман көшпелілері оғыз-түрікмен руларының пайда болу уақытымен салыстыруға болады.
Ортағасырлық дәуірдегі қабіртас кешені түрлерінің тұтастығы мен генетикалық сабақтастығы бір этникалық топқа тиесілі болуы мүмкін. 11-13 ғғ. аймақтың этникалық құрамын С.Әжіғали оғыз-қыпшақ ретінде белгілейді, алайда негізгі тарихи дереккөздер оғыз-түрікмен рулық-тайпалық бірлестіктеріне бағытталады (Бартольд В.В., 1963). Әзірге Маңғыстау аймағы үшін ноғайлы кезеңін (15-16 ғғ.) ажырату мәдени даму тұрғысынан өте белгісіз болып есептеледі. Маңғыстау аймағына енген Ноғай Ордасы көшпенділерінің қабірүсті құрылыстарын жіктеу, классификациялау, хронологиялық байланыстыру әлі де зерттеуді қажет етеді. 16 ғ. бастап Ноғай шапқыншылығы кезеңінде, әсіресе 17 ғ. бері қалмақ қуғын-сүргіні кезінде түрікмен халқының Үстірт пен Маңғышлақтан кетуі басталады, бұл процесс ғасырдан аса уақытқа дейін созылады. Осы кезеңдегі Маңғышлақ тарихындағы оқиғалардың барысы құжатпен расталғандай (Бартольд В.В., 1963,) этностың толық өзгеруін көздемейді, көбіне сыртқы себептердің әсерінен болуы мүмкін түрікмен руларының аймақтық қозғалыстарын, жергілікті тұрақты түрікмен тұрғындарының ұзақ уақыт бейбіт өмір сүру кезеңдерін, Ноғай Ордасы мен қалмақтардың жекелеген көшпелі руларын көрсетеді. 18 ғ. бірінші жартысынан бастап түрікмендердің негізгі бөлігі Үстірт жазығынан және Маңғышлақ түбегінен қазақ халқымен ығыстырыла бастайды (Р.Карутц, 1911; Д.Ливкин, 1902; Р.Темірғалиев, 2011). 19 ғ. басында да Маңғышлақ түбегін жекелеген түрікмен рулары мекендеген (Иванин М.И., 1847), ал Каспийдің жағалау белдеуінде олар 20 ғ. басына дейін қазіргі Форт-Шевченко қаласының оңтүстігінде өмір сүрген, қабіртастарында өзіндік сәулет өнерінің ерекшелігі сақталып қалған (Ливкин Д., 1902; Джикиев А., Мамедиев Я., 1982).
Кіші пішіндегі сәулет үлгілерінің келесі түрі - негізгі элементі "дене" көлемі әр түрлі геометриялық пішін түрінде жинақы етіп қашалып жасалған қабіртасты халық «қойтас» деп атаған. С.Әжіғали олардың алғашқыларын «архаикалық қабіртастар» деп атап, XIV-XVIII ғғ. қатысты түрікменнің салор, ерсары, чоудор, т.б. тайпаларына және сирек бөлігі адай қазақтарына тиесілі екенін айтады. Қабіртастың жаңа тақуалық түрі ретінде қойтастың пайда болуы 14 ғ. кезеңдеріне жатады, жоғарғы бөлігі үшбұрыштала қашалған параллелепипед пішінінде кездеседі. Қойтастың ең ерте кезеңді түрлері бір плиталы немесе сатылы табантасқа орнатылады, кейде "денесі" тұтас етіп жасалады. Сондай-ақ, жоғарғы бөлігі тегіс, доғал немесе қырлы етіп күрделене қашалады. Мұндай қабіртастар Үстірттегі Белеулі, Қосқұдық, Уәлі және Ман ата керуен-сарайларының қорымдарынан анықталған. Үстірт жолдарында керуен-сарайлардың пайда болуы нумизматикалық материал негізінде Алтын Орда билеушісі Өзбек ханның билік ету кезеңімен (1321-1360 жж.) байланысты болса, ал 14 ғасырдың 70-жылдарында Темірдің Хорезмге жасаған жойқын жорықтарынан кейін сауда-саттық белсенділігі жойылған деп саналады (Манылов Ю.П., 1982). Белеулі керуен-сарайының қорымынан "қойтас" және "белтас" түріндегі қабіртастардың екі шетінен жұп етіп қойылған антропоморфты тас белгілері табылды, осындай қабіртастар Қарақия ауданындағы Садырнын қорымдығында кездеседі. Бозашы түбегіндегі Көккүмбет мазарының (14 ғ. ІІ жартысы) қирандысына археологиялық зерттеу қорытындысы 14-15 ғғ. соңындағы кіші пішінді қабіртас формаларының салыстырмалы хронологиясын нақтылауға мүмкіндік береді. Қойтастың алғашқы формаларының пайда болуы жаңа құбылыс саналады, яғни Алтын Орда кезеңінде Арал-Каспий көшпелілері арасында ислам дінінің таралуының жаңа кезеңімен байланысты болуы мүмкін. Қойтас 14 ғасырда белтаспен бірге қолданыста болғанмен, кейіннен уақыт өте оны Маңғыстау қорымдарындағы қабіртастардың қатарынан ығыстырып шығарады. Кейінгі кезеңде қойтас «дене» периметрі бойынша жасалған сатылы табантасымен бірге қойылады. С.Әжіғали мұндай қойтастарды 2-түрдегі архаикалық қабіртас түрлеріне жатқызады. Шамамен 15 ғ. бастап қойтас түріндегі қабіртастарда қару-жарақ пен тұрмыстық заттардың кескіндері бедерлене суреттеледі. 16 ғасырдан бастап Иранда өндіріліп басталған "мультук" деген атпен белгілі, ұзын білтелі ілмекті мылтықтың суретін қойтастарда бейнелеу әдістері байқалады. Бұл қару жаңадан шыққан, әрі қымбат болғандықтан Маңғыстау аймағындағы көшпелі әскери құрылымдар арасында мұндай мылтықтар әлдеқайда кешірек келген болуы мүмкін, ал олардың қабіртастарда бейнелене бастауы жергілікті халықтың тұрмыстық өміріне әбден енгеннен кейін болары белгілі. Осыған сүйене отырып, мылтық суреттерінен бұрын саналатын қойтастарда қылыш, найза, садақ, әскери айбалта, қорамсап, сөмке, айна, қайшы, тарақ бейнелерінің рельефті (бедерлі) кескіндерінің пайда болуын 15-16 ғасырлар аралығы уақытымен сенімді түрде белгілеуге болады. Осы кезеңнің тағы бір белгісі қойтастардың "денелерінде" шырақ жағуға арналған кішігірім ойықтар қалдырылады, кейіннен мұндай шырағдан ойықтарын басқа жерлеріне жасап қойған өзгерістерін байқауға болады. Сонымен, 15-16 ғғ. маңызды ерекшелігі мұндай қойтастардың плиталы тастарды саз балшықпен араластыра мықталып жасалған тас жәшіктерге, сандықтастарға орнатылуын айтуға болады (Өрдек, Үштам, Кенті-баба қорымдары). 16-17 ғғ. білтелі мылтықтардың бейнелеріне қарағанда, қойтастар өзінің негізгі формаларын сақтай отырып, "денесі" биіктеу етіп қойыла бастайды (мысалы, Қалипан қорымы). 17 ғасырда қойтастың "денесі" салмақты етіп жасалған төңкерілген трапеция түріндегі тумба тәрізді немесе едәуір биіктеу етіп қойыла бастаған тәрізді (Шопан ата, Қараман ата қорымдары). С.Әжіғали бұл қойтастарды архаикалық қабіртастардың 3-4 түрлеріне жатқызады. Жоғарғы бөлігі «қос еңісті шатыр», тегіс, дөңгелек, күрделі пішінделген соңғы кезеңді қабіртастардың түрлерін А.Астафьев желкенді қойтас деп атайды. Шырақ жағатын ойығы «дене» бөлігінен табантасына ауысқан. Бұл кезеңде қойтастың «денесі» өзгеріп, жұмыр дөңгелек (цилиндр тәрізді) пішінінде қойыла бастайды, 18 ғ. тиісті қабіртастардың композициялық түрлерінде салмақты етіп жасалған табантастары бар сандықтастармен орнатылған (Масат ата, Қарамола, Долы апа). С.Әжіғали бойынша бұл 8-типті архаикалық қабіртастар болып есептеледі. 19 ғ. - 20 ғ. басы кезеңдерінде қойтастың соңғы түрі түрікмен қойылымдарында шағын "денесі" төңкерілген трапеция пішінінде дөңгелене қиылып, биік табантастарға немесе тас жәшіктерге үйлесе орнатылады. Көбіне бұл қабіртастармен бірге өңделмеген жұп тас белгілер немесе шырағданы бар биік сәндік пирамидалар орнатылады.
Орта ғасырлардың соңғы кезеңдерінде қойтастарда арқар мүйізі түріндегі зооморфтық белгілер немесе жергілікті халық қошқартас деп атайтын қошқар немесе тау арқарының шынайы бейнесі пайда бола бастаған. С.Әжіғали бұл формаларды мүсіндік стилге келтірілген қабіртастардың екінші санатына бөледі. Қошқартастар - облыс аймағында ислам дәуірінде сақталып қалған алғашқы наным-сенімдердің ежелгі белгілерінің бірі болып табылады. Олар әртүрлі мағынаны білдіреді, мүмкін ежелгі сақ-қаңлы-сармат белгілеріне, құдай бейнесіне немесе ата-бабасына табынумен, құнарлылық идеясы немесе жауынгер бейнесіне, басқа да мифологиялық көзқарастармен байланысты орнатылған болуы мүмкін. Олар қойтас тәрізді өте кең дамымаған, қорымдарда немесе жеке орналасқан қошқартастар 20 ғ. басы кезеңдеріне дейін қойылғаны байқалады. Аңыздарға сүйенсек, тау арқарын атып алған аңшы оны өлтіргені үшін күнәсі кешіріледі деген сеніммен мүйізін әулиенің қабірінің басына әкеліп қоятын болған. Жергілікті тұрғындар биік тауларда өмір сүрген арқарды Көктегі Аллаға жақын, оның балықпен қатар алғаш жаратқан таза, адал жануары деп санап, құрметпен қараған.
18 ғ. Үстірт пен Маңғышлақ жеріне қазақтың Адай және Табын руларының келуімен қабір басына адам сұлбасы кескінделген тас мүсіндерді орнату дәстүрі болған. Мысалы, Уәлі қорымындағы адам мүсінін толық бойымен бейнелейтін балбал тас бұған айғақты дәлел ретінде. Дегенмен, адам бейнесінің кескіні сирек кездеседі, мұсылмандық қағидаларға сай орнатылған қабіртастардан жауынгер дулығасының бейнелерін кездестіруге болады. Уақыт өте бұл тастар өңделе қашалып, қабіртастың құлпытас түріне айналған деп саналады. Құлпытастардың алғашқылары жабайы өңделген тас белгі – стела түрінде қойылып, марқұмға қатысты рулық таңба бейнеленіп қалдырылған. Ғылыми жорамалдардың бірінде құлпытасты ат байлайтын желіні бейнелесе, тағы бірінде – әйел немесе ер адам бұйымдары белгілерімен адам сұлбасының мүсінделген бейнесі делінеді. Қабірүсті ескерткіштерінің бұл түрін сәндеп көркемдеу 19 ғасырда өркендеп дамыған. Маңғыстау қазақтарының қорымдарында құлпытастар қойтас, қошқартас, айыртас, сандықтас, үштас-бестас-жетітас тәрізді кіші пішінді сәулет үлгілерінің алуан түрлерімен ерекше композициялар құрайды. Жергілікті тас шеберлері қырлы немесе жұмыр пішінінде сан-алуан құлпытастарды көз тартарлықтай етіп жасай бастаған, олардың қабырғалары мен жақтауларына дәстүрлі ою-өрнектер кескінделіп, рулық белгілер мен жазбалар қалдырылған. С.Әжіғали айқандай, «Құлпытас» - киіз үй мен сәйгүлік ат секілді феномендермен қатар тұратын қазақтың далалық мәдениетінің маңызды символы саналады.
Пайдаланған әдебиеттер:
1. Сисем ата қорымындағы орта ғасырлық қабіртастарға жүргізілген археологиялық жұмыстардың қорытындысы, А. Астафьев, 2010 ж.
2. Маңқыстау мен Үстірт ескерткіштері, С.Әжіғали, 2014 ж.
3. Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының қорында сақталған материалдар.
Мақаланы дайындаған:
Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының маманы
Нұрсәуле Дауымшарова
1 сәуір 2025
Маңғыстаудың орта ғасырлық кіші пішінді сәулет ескерткіштері туралы
24 наурыз 2023
МАҢҒЫСТАУДЫҢ ҚАСИЕТТІ НЫСАНДАРЫ
2 сәуір 2021
Шежірелі Шерқала
5 наурыз 2021
Сүйінқара Үргенішбайұлы
5 наурыз 2021
Маңғыстаудағы Бекет ата мешіттері
18 сәуір 2020
18 сәуір – Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні
6 ақпан 2020
АЛТЫНҚАЗҒАН КЕШЕНІ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?
17 қаңтар 2019
Дәстүрлі дін: ата-баба жолымен
17 қаңтар 2019
Қошқартас
17 қаңтар 2019
Асыл көзі
17 қаңтар 2019
Тарихи-мәдени мұрамызға мұқият болайық
9 қаңтар 2019
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Маңғыстаудың қасиетті нысандары толықтырылды
9 қаңтар 2019
Қаңға жеріндегі Махтум-баба мешіті
31 қазан 2018
Тобықты жеріндегі Бекет-ата жерасты мешіті, XVIII-XIX ғғ.
23 қазан 2018
Махтум баба мешіті
23 қазан 2018
Қыз-әулие - киелі орындар тізіміне енгізілді
23 қазан 2018
Шерғазы сұлтанды Хан атағына ұлықтау және салтанатқа қатысқан кейбір тарихи тұлғалар туралы
23 қазан 2018
Облыс аумағынан жаңа тарихи-мәдени мұралар анықталды!
22 қазан 2018
Маңғыстау ескерткіштері киелі орындар тізіміне енгізілді
22 қазан 2018
Маңғыстаудан шыққан Құлбарақ батыр
22 қазан 2018
Дін және дәстүр
26 қыркүйек 2018
Маңғаз Маңғыстау, ажарлы Ақтау!
31 шілде 2018
Маңғыстаудың – қасиетті рухани құндылықтары
2 шілде 2018
Асқақтай бер – Астана!
Соңғы хабарлар
 26 наурыз 2025
"ОТ КИЕСІ" жылжымалы көрмесі және "МАҢҒЫСТАУ ЕСКЕРТКІШТЕРІ" тұрақты көрмесі бойынша экскурсия
 18 наурыз 2025
18 наурыз "ҰЛТТЫҚ КИІМ КҮНІ" құтты болсын!!!
 17 наурыз 2025
Жылжымалы көрмелермен экскурсия
 27 қазан 2023
Ақтау қаласының №22 С.Қондыбай атындағы мектеп-гимназия, №23 жалпы білім беру мектеп оқушыларына, сондай-ақ Мұнайлы ауданы №5 Шоғы батыр атындағы мектеп оқушыларына экскурсия ұйымдастырылды
 27 қазан 2023
Тарихи-мәдени ескерткіштердің құжаттарымен танысу
 12 маусым 2023