Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы, Төлеп селосынан 25 км солтүстік-шығыс бағытта орналасқан. ХІХ ғасырдың басында қалыптасқан ескерткіш.
Күмбезтам жоспарда төртбұрышты, қабырға ортасы шала өңделген тастардан көлденеңінен қойыла қаланып, сыртынан өңделген плиталармен көмкерілген күмбезтам цокольды бір белдікке орнатылған. Маңдайшасы сырлы бояулы өрнектермен әсемделген төртбұрышты кіріс ойығы оңтүстік-батысқа бағытталған алдыңғы қабырғасы, порталы геометриялық өрнектермен безендірілген. Төменгі жиегі айнала өрнектелген дулыға үлгісіндегі күмбезі плиталермен оңтүстік-батыс қабырғасы жартылай сақталған. Күмбезтамның басқа қабырғалары, күмбезі найзатасымен түгелдей құлап тас үйіндіге айналған.
Ескерткіштің салыну тарихы, шебері туралы нақты деректер жоқ. Ел аузында сақталған әңгімелерге қарағанда Жаңасу құдығын жайлап отырып, қайтыс болар алдында: «Жылқымның жайылымына қойындар» деп өзі өсиет еткен жеріне қойылған.
Ескерткіш 1982 жылы мемлекеттік тізімге алынған.