Жерасты мешiттері

Көбен жерасты мешіті, Ескерткіш Жармыш ауылының оңтүстік - шығысында 12 шақырым жерде Сауысқан құмының оңтүстігіне таман орналасқан. Мешіт осы аттас қауымға жақын жерде. Қауым 19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың басына жатады. Жерасты мешіті борлы әктастан ойылып жасалған. Төртбұрышты формалы болып келетін екі бөлмеден тұрады. Дәліз өңделген тастардан өріліп күмбез тәріздес жасалған. Қазіргі уақытта күмбез құлаған. Бөлменің ішкі жағынан күмбездің қолдан өрілгенін байқаймыз. Тастар жақсы өңделіп, бір-біріне әдемі қиюластырылған. Уй қабырғаларында оны жасау кезінде пайдаланған құрал-саймандардың іздері айқын сақталған.

Орталық бөлме төртбұрышты етіп жасалған. Оның кірер жағында төбеге тіреуге арналған шығыңқы өрнексіз  бедер жасалған. Құмтастан жасалған екі шырағдан орны сақталған. Осы бөлменің төбесінде сызбада дөңгелек тәріздес болып келген тесік арқылы ішке жарық түседі, ол ішкі жағынан өңделген тастармен қаланған. Бөлменің шығыс беттегі жарында арабша жазылған жазулар кездеседі.

Қазіргі таңда бұл жерасты мешіті туралы жазбаша немесе аңыз деректер табыла қойған жоқ.

 

 

 

 

Қараман ата жерасты мешiтi – Шетпеден 35 км жерде, Бекi елдi мекенiнiң батыс жағында орналасқан. Мешiт тау шатқалының төменгi қабатынан ойып жасалған, негiзiнен 3 бөлмеден тұрады. Жалпы көлемi 4 га жердi қамтиды. Бөлмелердiң ең биiгi 2,5 метрге жуық. Үлкен бөлменiң төбесi тастан құралған бағандармен бекiтiлген. Екi бөлменiң төбелерiнен жарық түсетiн дөңгелек терезелер ойылған. Ел аузындағы аңыздар бойынша, Қараман ата Шопан атаның немересі, батыр, дiн уағыздаушы. Жергiлiктi халық көршiлес елдiң арасындағы даулы жағдайды шешу үшiн Қараман атаның аруағына сүйенiп, анттасады екен, сонда iстiң ақ-қарасы бұлжытпай шешiледi деп сенген.  Қазақтар атаның қасиеттерiне сыйынып, оның жерленген осы мешiтiне келiп, өздерiнiң iс-әрекеттерiне ант берген. Көп жағдайда Қараман атаның атымен ант  берiп, оны орындамаған адамдар қауiп-қатерге, өлiмге ұшырап олардың тұқымдарына кесiрi тиген. Қараман ата кешенi 1982 ж. Республикалық мәртебеде мемлекеттiк қорғауға қабылданған тарихи-мәдени ескерткiш. Қазақстанның жер-жерiнен зияратшылардың келетiн киелi орны. 

 

 

 

 

Шақпақ Ата жерасты мешiтi – ақбор жартастың батыс жағынан ойып жасалған. Шилiқұдық алқабының, Сарытас шығанағының оңтүстiгiнде орналасқан. Бұл жерасты мешiтi басқа жетасты мешiттерiне қарағанда өте әсем, көрнектi құрылыс. Мешiт крест тәрiздi, 4 бөлмеден тұрады, осiндегi орталық бөлмесi күмбез тәрiздi, қабырғаларында араб әрпiмен жазылған жазулар, көптеген суреттер бейнеленген. Күмбездiң жоғарғы бетiнде квадрат жобасымен, ақбортасты сазбалшықпен отырғызылған құрылыс орналасқан. 

 

Құрылыстың 4 жағынан 4 желдеткiш тесiгi бар. Олар жарық жарық түсiру ролiн атқарады.
Белгiлi зерттеушi ғалым Медоев 1969 жылы бұл көрнектi құрылысты былай сипаттаған: “Ғимарат ежелгi шығыстың сәулет өнерiнiң үлгiсiмен күмбезделiп жасалған. Мешiттiң iшi мен есiктерiнiң мәнер өрнектерi көрушiнi қызықтырмай қоймайды. Ел аузындағы аңыз бойынша Шақпақ-ата қалмақтармен соғыста атағы шыққан батыр болыпты. Бұл қасиет иесiнiң қаруынан шайқас кезiнде шақпақ тастан ұшқын секiлдi от шашырайды екен, сол себептен ол Шақпақ-ата атаныпты. Мешiт бөлмелерiнiң қабырғаларында кiтаптар қоятын терезелер ойылған, олардың үстiне шамшырақтар қоятын арнайы тұтқалар ойылған. 

 

Iшкi және сыртқы қабырғаларында көптеген ойылған және сызылған эпиграфикалық жазулар, композициялық суреттер, ою-өрнектер салынған. Зерттеушiлердiң пiкiрiнше бұл өрнектер әрбiр ғасырда бiрi ерте, бiрi кеш салынған. Сопылық тұжырымдар, олармен қатар жануарларды бейнелейтiн жұмбақты суреттер көп кездеседi. Ғибадатхананың жанында  500 м қашықтықта төбенiң басында орта ғасырлардың соңғы кезеңiне жататын аттас қорымдық орналасқан. 

 

Шақпақ-ата кешенi Республикалық мәртебеде мемлекеттiк қорғауға қабылданған тарихи-мәдени ескерткiш. Қазақстанның жер-жерiнен зияратшылардың келетiн киелi орын. 

 

 

 

Сұлтан-Үпі жерасты мешіті – Каспий жағалауына жақын жердегi Ащымұрын мен Ойра аралығында, Форт-Шевченко қаласынан 57 км солтүстiк-шығыс бағытта орналасқан. Жердің тастақ қабатынан ойып жасалған жерасты мешiт бірнеше камералық бiр-бiрiне жалғасқан 11 бөлмеден тұрады және тастан тiреуiш бағаналар орналасқан. Ескерткіштің рухани-діни бағыттағы сипаты  Сұлтан үпі жерасты мешітін шамамен ХII-ХIII ғғ. салынған қандай да бір сопылық қауымның ханака-ғибадатханасы болған. Ел аузында сақталған аңыздарға сүйенсек, Сұлтан үпі әйгiлi Сүлеймен  Бақырғанидың баласы екен. Оның есiмi ел iшiнде “Бақырғани” жазбасының иесi. 1873 ж. Тбилиси (Тифлис) қаласында басылып шыққан «Предания адаевцев о святых секты ханафие, живших и умерших на Мангышлаке//Сборник сведений о кавказских горцах»7-ші шығарылымында жазылған аңыз-деректерде Хакім-ата (Сүлеймен Бақырғани) әйелінен Мұхаммед-қожа, Әскер-қожа, Құбби-қожа (қазақтар оны Сұлтан үпі деп атаған) дейтін үш ұлды болған. 

 

Теңізшілер мен балықшылар «Сұлтан үпі, сақтай гөр пендеңдi су апатынан» деп сиынып, күн күркiрегенде де осы кiсiнiң атын атайтын болған. Яғни су пiрi болған.  1982 ж. Республикалық мәртебеде мемлекеттiк қорғауға қабылданған тарихи-мәдени ескерткiш. 

 

Бекет-Ата. 
Бекет Мырзағұлұлы – ұлы Маңғыстау, Үстiрт, Атырау мекендеген Адай тегiнен шыққан қазақ халқының атасы. Бекет-Ата 1750 жылы қазiргi Атырау облысының Жылой ауданы, Ақкиiзтоғай ауылында дүниеге келген. Бала Бекет алғашқы исламдық сауатын ауыл молдасынан ашады. 14 жасында бiлiмiн жетiлдiрмек болып Хиуаға аттанады. Атақты Бақыржан қажыдан дәрiс алған Бекет елiне 21 жасында оралады. Елiне келiп ұстазының iсiн жалғастырып, жер-жерден жерасты мешiт салған. Бекет-Атаның 5 мешiтi бар. Олар: Жем бойындағы Ақмешiтте, Ескi Бейнеуде, Байшағырда, Оғыландыда, Тобықтыда. Бекет-Ата адай мен түркменнiң шекарасы Бейнеуден мешiт салып, адайдың тенгтегiн тиып, тiлiн сындырмаққа адай тарихында алғашқы мешiтiн салады. Бекет-Ата Қарақия ауданы, Оғыланды жерiндегi мешiтiнде қабiрленген. Қиналғанды демеп, адасқанға жол сiлтеп, қорыққанды қорғаған бұл ғажайып жанның өнегелi өмiрi, ерекше қасиетiне, игi iстерiне халқы сүйсiнiп, Пiр Бекет атады. Ұрпағы оның атын ұран, iсiн аңыз еттi. 

 

Жем бойында салған мешітінде Жаналы атасы, шешесі Жания мен әкесі Мырзағұл жерленген. Бекет-ата 1771-1775 жылдар арылығында Хиуадағы медрессесін бітіріп келіп көтерген мешіті. 

 

Атаның ескi Бейнеудегi мешiтi – Бейнеу станциясының оңтүстiк-батысқа қарай 17 шм қашықтықта орналасқан. Мешiт жартасты мүйiстен ойып жасалған. Үлкендi-кiшiлi, бiр-бiрiне жалғастырып салған 4 бөлмеден тұрады.Көлемi жағынан ең үлкен бөлмесi дөңгелек жобамен, төбесi күмбез тәрiздi ойып жасалған. Жалпы көрiнiсi қазақтың киiз үйiнiң пiшiнiне келедi. Бөлмелердiң қабырғалары тегiстелген, жазу, сызу ешқандай iздер кездеспейдi, әр жерлерде шамшырақ қоятын терең емес ойықтар бар. 

 

Оғыланды Бекет-ата жерасты мешiтi – Қарақия ауданы, Сенек ауылынан 95 шм солтүстiк-шығыс бағытта орналасқан киелi орын. Ел арасындағы аңыздарға қарағанда Бекет-Атаны осы жерден мешiт салуға бастап келген де осы Оғыланды екен. 

 

Оғылан түркi тiлдестер сөзi, ол ұлан, бала деген ұғымды бередi. Көшпендiлердiң тұрмыс-тiршiлiгiне байланысты бiр орайда бiрыңғай балалар дүние салып, осында жерленсе керек. Қорым қатардағы қарапайым орын емес, бiрыңғай балалар жерленген жер болып, әулиелiк “Оғыланды” деп аталады. Бекет-Атаның өзi көзi тiрiсiнде маған ниет қойып, келгiсi келген, шарапат тапқысы келген адам әуелi Оғыландыға соғып зиярат етiп барып келсiн деп жұртшылықты дағдыландырған. Оғыланды балалар қырғынының қорымы, киелi, қасиеттi орын ретiнде бағаланып, қадiр тұтылып келедi. 

 

Тобықтыдағы Бекет-ата жерасты мешiтi – Тиген елдi мекенiнен 24 шм қашықтықта орналасқан. Қазiргi таңда мешiт құрылысы қалпына келтiрiлген. Бұл жерасты мешiттерiнен басқа да Ишан-қожа, Жоласқан, Сонабай, Үйтолы, Төлеген-әулие жерасты мешiттерi мемлекеттiк қорғауға алынған.
Бесінші мешіті Үстірт жазығының Қарақалпақстан жерінде орналасқан. 

 

 

 

 

 

 

 

 

Шопан Ата жерасты мешiтi – Қарақия ауданында, Сенек елдi мекенiнiң солтүстiгiне қарай 12 км қашықтықта орналасқан. Мешiт бiр-бiрiне қосылған 12 шағын бөлмелерден тұрады, ақборлы жартастың қабатынан ойылып жасалған. 

 

Алғашқы кезде бұл ғимарат керуеншiлер, жолаушылардың тоқтап, паналайтын орны болған, себебi: Маңғыстаудан Хорезмге баратын, Ұлы Жiбек жолында орналасқан. Кейiннен бұл құрылыс мешiт ретiнде дiни салт-дәстүрлер өткiзiлiп, балаларды оқытқан және де осының бәрi орта ғасырдағы сопылық iлiм таратушы Шопан атамен тiкелей байланысты. Мал шаруашылығымен айналысатын қазақтарда аңыз бойынша Шопан Ата қой мен үй жануарларының қорғаны дейдi. Ел аузындағы аңыз әңгiмелердiң бiрiнде Шопан-ата түрiкмен халқының егдiр тайпасынан шыққан өзi батыр, өзi дiн iлiмiн таратушы тұлға болыпты. Ол әйгiлi Қожа Ахмет Яссауидiң Маңғыстауға жiберген шәкiртi болған. Шамамен 10-11 ғасырларда өмiр сүрген. Елiн, жерiн қорғауда жаны шейiт болған Шопан-атаның даңқы көтерiлiп, бұл маңайдағы су да, сай сала да, жайылымдық қоныс та Шопан-ата есiмiмен аталады. Ал соғыста құрбан болған жауынгерлердiң бәрiн сол шайқастың орнында жерлеп, бұл қорымның қасынан жарқабақ бетiнен ойып үңгiр мешiт  салған. 

 

Мешiттiң жанында аймақтағы ең ежелгi де, ең iрi аттас қорымдық бар.  3 000-ға жуық қабiрүстi ескерткiштертопталған. Бұл жерде Маңғыстаудың дәстүрлi сәулет өнерiнiң барлық үлгiлерiн кездестiруге болады. Шопан-ата кешенi 1982 жылы Республикалық мәртебеде мемлекеттiк қорғауға қабылданған тарихи-мәдени ескерткiш. Қазақстанның жер-жерiнен зияратшылардың келетiн киелi орын. 

 

 

 

Жаман Сауран жерасты мешіті, Ескерткіш Жармыш ауылынан 12 шақырым оңтүстік –шығыста орнласқан. Ескерткіш Қаратау тауының шығыс бөлігіндегі осы аттас бұлақтан онша қашық емес жерде орналасқан. Біздің қолымызда ескерткіш туралы нақты дерек көздері кәзіргі таңда жоқ. Мешіт қатты жыныстан үңгіп жасалған. Дөңгелек болып келген екі бөлмеден тұрады. Бірінші бөлменің ортасында тіреу қалдырылыпты, ол кезінде мешіт төбесінің беріктігі үшін орнатылған сияқты. Тіреуге шырағдан қоюға арналған ойықтар жасалған. Екінші бөлмеге төртбұрышты етіп ойылған есік арқылы кіреді. Уақытында қаланған тастармен жабылған болуы мүмкін, кәзір сол қаланған тастардың төменгі бөлігі ғана қалыпты. Осы бөлменің ішінде үсті ақ матамен жабылған қойылым бар. Ескерткішті анықтау кезінде, 2007 жылдың қазан айында оған жабылған материал жанартылыпты. Бұл осы жерге адамдардың келіп зиярат жасап, табынатынын білдіреді. 

 

 

  

 

Темір Абдал жерасты мешіті, ескерткіш әйгілі Шерқала тауының батыс жағында. Шетпе кентінен 18 шақырым оңтүстік-батыста орналасқан. Ескерткіш Шерқала қауымынан онша қашық емес. Қауымда өңделмеген тастармен қоршалған ескерткіштер бар, шығыс бөлігінде композициялық қойтастар мен сағанатамдар қойылған. Қауым ХVIII ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басына жатады. Жерасты мешіті құмды-сазды қабаттан ойылған. Бастапқыда екі бөлмеден тұрған. Қәзіргі уақытта оның біріншісі құлаған. Сақталған екінші бөлме төртбұрышты сияқты қылып үңгіп жасалған. Оның ішіне жарық түсіретін төбедегі ойық көрінбейді. Мешітті салдырған немесе кейін онда діни жұмыстар жасаған түркпеннің Абдал руынан шыққан Темір есімді тұлға болуы мүмкін..

 

 

 

 

Жарияланған күні: 13 наурыз 2019

 

 

Ескеркіш

Есепте тұрған ескерткіштер саны:

590

Республикалық дәреже:

20

Жергілікті дәреже:

570

Ескеркіш

Есепте тұрған киелі орындар саны:

43

Жалпыұлттық дәреже:

15

Жергілікті дәреже:

28