2018 жылы 26 қыркүйек күні сағат 10.00-де «Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы» ММ «Маңғыстау облысына 45 жыл, Ақтау қаласына 55 жыл толуына орай, «Маңғаз Маңғыстау, ажарлы Ақтау» танымдық кеші болып өтті.
Іс-шараның басты мақсаты, Елбасы “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты мақаласындағы мəдени-идеологиялық, рухани жаңғыруымызды баянды ету. Маңғыстау облысына 45 жыл, Ақтау қаласына 55 жылдық мерейтойы қарсаңында тыңнан түрен тартқан ардагерлердің ерлікке пара-пар еңбегі, кейінгі ұрпаққа өнеге болар ерен істері жайында көбірек айтылып, өңірде болып жатқан өзгерістерді, жаңалықтарды жалында жастарымызға насихаттау, жеткізу болып табылады.
Іс-шараның жүру барысы бойынша «Маңғаз Маңғыстау, ажарлы Ақтау» тақырыбында баяндама оқылып, Маңғыстау облысының құрылуы, Ақтау қаласының көркейіп әсем қалаға айналуы жайында слайд дайындалып, көрсетілді. Аталмыш іс-шараға «Маңғыстау энергетикалық колледжі» студенттері және «Нұр Отан» партиясы Ақтау қалалық филиалы жанындағы Ардагерлер тобының мүшесі, қаламыздың құрметті азаматы Шошақов Марат және «Огни Мангистау» газетінің тілшісі, ардагер журналист Ғалия Кеңесбаева қатысты. Құрметті қонақтарымызға сөз кезегі беріліп, қатысушы білімгер жастарымыз бен келуші қонақтарымыз арасында сұрақтар қойылып, пайымды жауаптар алынып, өнегелі әңгіме өрбіп, біз білмейтін тың деректер айтылды. Және де келген көрермендерімізге «Маңғыстау ескерткіштері» тұрақты көрме бойынша экскурсия өткізілді. «Маңғыстау өнер колледжінің» білімгерлері Есенғалиев Айсұлтан және Мұхамбет Сандуғаш өздерінің «Маңғыстауға арнау» атты жыр-термелерін орындап қатысушылар әдемі көңіл күйде болды. Мұндай іс-шаралар легі біздің тарапымыздан әлі де көп жалғасын табады.
«Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы» бөлім меңгерушісі
А.К.Яриханова
