Отпан тау – тарихи-мәдени кешенінде «Ұлыстың ұлы күні: тарих тағылымы мен жаңа көзқарастар» тақырыбындағы дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
14 наурызда кіретін Маңғыстаудың Амал мерекесіне «Адай Ата – Отпан тау» тарихи-мәдени кешеніне арнайы Түркия, Әзірбайжан, Германия мемлекеттерінен ғалымдар келді. Негізгі мақсат сол: 14 наурыз Амал күні жайлы ғалымдардың өз ауызынан естіп, ғылыми түрде бекіту. Сөздің жақсысын би де, қара да айтады, алайда бидің ауызының дуасы бар, дегендей, осы жылы Отпан тауда түркітілдес халықтарының ғалымдарын жинап, осындай игі шара ұйымдастырылды. Зубайда Шадкам-ғалым, арабист-апай ерекше алғысын білдіре отырып, бұл мереке сонау 12 ғасырдан бастау алатынын айтып өтті. Үнемі видеодан ғана көретін мерекеге, дәм тартып, бұйырмыс болып, тағы да осы жердің топырағына аяғы жетіп, көзімен көргеніне бек риза болды. Түркиядан келген тарихшы Ақымет Ташқын: «Бұл мереке менің жастау кезімде тойлайтыны әлі де есімде. Жер бетіне Қыдыр-ғәлейһиссалам түсіп, ырыс-несібесін шашып, жер-жерді аралайтыны да осы кез. Түркітілдес мұсылман халықтарының ішінде Түркістаннан Мажарстанға дейінгі аралықты зерттеп-зерделегенін қысқаша айтып өтті. Осы түбектің ерекшелігіне байланысты сақталып қалғаны, неткен керемет еді! Бұл Амал мерекесі бүкіләлемдік ЮНЕСКО мұра тізіміне енуі тиіс мейрам». Әзірбайжаннан келген Низакет Меммедли да осы мейрамды Әзірбайжан Елі бір ай бойы жеті күннен, әр сейсенбі күн тойлап бастайтынын айтып өтті, бұл мереке оларда сейсебі-Ақыр, деп аталатынын жеткізді. Сәуле Мешітбайқызы да өз кезегінде, Дулат болса да, жүрегі Адай, деп соғатынын айтты. Сөздің тізгінін одан әрі Сабыр Адай-ақын алып, көсіле сөйлеп, оза шапты, намысты, рухты сөздерімен отырғандардың жүрегіне от беріп: «Біздің жүрегімізде бұрынғы ата-бабаларымыздан қалған ерекше жігер, ұлттық ар-намыс – ол қанымызда бар. Дегенмен, мемлекеттікті құру, оны сақтау және дамыту барысында өзге мәдениет пен өзге ұлт араласқаннан кейін, ол ала-құла болды, себебі біздің жеріміз кең, адам саны аз. Қазақты қаскөйлік пен қастандықпен бір-бірінен ажыратып, бөлектеп, өзін әр аймаққа шашып-шашып тастады, қиянат етіп. Біздер, ортаазиялық түркі халықтарымен Түрікпен, Әзірбайжан халықтарына жақынбыз, сонау Орыс империясынан Кеңес заманында да алыстау болдық, өзімізбен-өзіміз, сондықтан Маңғыстауда осындай мәдениетті сақтап қалуға, ең болмаса жырын ұстап қалуға мүмкіндік болған. Кезінде Қазақ Елінің барлығы Амалды 14 наурызда қарсы алған, бірақ жан-жақтан келушілер оны ассимляцияға ұшыратып, бүгінгі таңда Амал бұзылмай Батыста сақталып қалған. Бала кезімізде қара шаңыраққа тумаластың барлығы жиналып, қара қазаннан дәм татып, бір-бірімен көрісіп, бүкіл қазақ жасың құтты болсын, деп бәрінін туған күні бір күнде тойланатын. Қазақтың үш жүзі болса, сол қара шаңырақтың Иесі – Кіші жүз болуы әбден лайық! Және де 14 наурыз күні ғылыми есеппен күн мен түннің, өлі мен тірінің, жас пен кәрінің, бай мен кедейдің теңесетін күні – нақ осы күн, біз тойлағандай 22 наурыз емес. Осындай Халықаралық деңгейде, Сіздей ғалымдарды шақырып отырған себебіміз де: ғалымдар осыны нақтылап, зерттеп-зерделеп, жан-жағына таратып-жеткізіп айта жүрсін, деген ниет.
Бұл жердегі Ананың ескерткіші, Көк бөрінің, қазанның да бәрінің өз мәні бар. Қазақ бір күн өмір сүрсе де қасқайып, намысты болып сүрсін. Өздігімізден ешкімге ұрынбаймыз, бірақ тиіссе – есемізді ешкімге жібермейміз. Әуелден аруақ пен киені қастерлеп, ешкімге қиянат жасамайтын қазақпыз».
