Skip to content

Шақпақ ата жерасты мешiтi және қорымы

Жерасты мешiттерiнің аса
көркем үлгiсi болып табылатын Шақпақ ата мешiтi Түпқараған ауданы, Таушық елдi мекенiнен
30 км солтүстiк-батыс/бағытта Сарытас-Қошақ шығанағына таяу Оңғазы тауының
етегiнде (Шилiқұдық алқабы) орналасқан. Шақпақ ата жерасты мешiтiне 1966-68 жылдары
А.Г.Медоев, 1973 жылы М.Меңдiқұлов зерттеу жұмыстарын жүргiзген. Жартас
ішіндегі жасанды үңгір түрінде жасалған мешiттің iшкi бөлмелерi орталық зал
(4,5 х 3,22 м.) арқылы шаңбақ тәрiздi орналасып, дәл солтүстiк, оңтүстiк,
шығыс, батысқа қарай бағышталған. Төртбұрышты жобадағы орталық бөлменiң төбесi
күмбезделiп, ортасынан теп-тегiс шеңбер тәрiздi терезе ойып жасалған, ал төрт
бұрышынан жартастан тұтас қашалған тiп-тiк бағандар шығарылған. Әрбiр дiңгектi
безендiрген және оюлар бiрiн-бiрi қайталамайды. Осы бөлмеге қарама-қарсы
орналасқан екi кiшкене бөлмелер бiрi (оңтүстiктегi) намаз оқуға, бiрi тұрмыстық
қажетке арналған. Мешiттiң келесi екi бөлмелерi коридор тәрiздi, олар
қарама-қарсы бiрi таудың үстiне, бiрi жартастың жанынан шығаратын екi кiрiске
апарады. Жартастың сыртында күмбездiң ойық терезесiнiң (диаметрі 1,2 м,
биіктігі 5 м) үстiнен квадрат жобасымен, ақбор тастан қаланған мұнара
тұрғызылған. Оның төрт қабырғасынан да дүниенiң төрт бұрышына негізделген
есiктер шығарылған. Мешiт бөлмелерiнiң қабырғаларында кiтаптар қоятын
терезелер, олардың үстерiне шамшырақтар орнатылған арнайы тұтқалар ойылған,
iшкi және сыртқы қабырғаларында көптеген кескінделе сызылған эпиграфикалық
жазулар, композициялық суреттер, ою-өрнектер салынған. Михрабтан барлық
бөлмелерге тең таралып, әлсiремей жететiн акустика оның иелерiнiң
ғылым-бiлiмнен асқан хабардар екенін айғақтайды. Зерттеуші М.Меңдіқұлов бұл
діни ғимараттың негізін XIV-XVI ғғ. қыпшақ-ноғайлы кезеңдерімен белгілеп, алтын
ордалық Өзбек ханның тұсында (1312-1342 жж.) салынған деген пікір айтады.

 

Leave a Reply