Skip to content

Шетелдік тілшілер Маңғыстаудағы киелі жерлерді аралады

Маңғыстау облысында «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын насихаттау аясында мәдени баспасөз туры өтті.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өз жолдауында: «Ұлттық мәдениетіміздің озық үлгілерін ірік­теп алғаннан кейін шетелдерде оларды таныс­тыру рәсімдерін өткіземіз» деп атап өткен болатын.

Испания, Италия, АҚШ, Қытай, Мысыр, Ұлыбритания, Франциядан келген 15 журналист сапардың бірінші күні Маңғыстаудың туристік жерлері – «Бекет ата» және «Шопан ата» жерасты мешіттеріне барды.

«Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы» ММ директордың орынбасары Өтесінов Марат қонақтармен киелі жерлерге барып, оларға біздің киелі жерлерін, атап айтқанда, Шопан ата, Бекет ата жерасты мешіттерін, Куйеутам күмбезтамы, Оғыланды ата және Баян баба, өлкеміздің тарихи-мәдени ескерткіштерін, жалпы біздің өлке туралы баяндап берді.

Журналистер сапар соңында өздерінің әсерлерімен бөлісті. Мысалы, Ұлыбританиялық репортер Мариола Федорчуктің айтуынша,  жергелікті халықтың адам жерлеу салтының Қытай және Жапониямен  ұқсастығы бар. Сондай-ақ, Шопан ата қорымының ертедегі жерлеуін Словениямен  салыстырды. Қытайдан келген журналист Чен Руи Маңғыстау жерінде қазақ халқының өзіне тән бай мәдениеті мен дәстүрі кеңінен сақталғанын атап өтті.

«Бұл аймақ тарихи орындарға, аңыз-мұраларға өте бай екенін өз көзімізбен көріп таңғалдық. Осындай мүмкіндікке ие болғанымызға сіздерге үлкен рахметімізді айтамыз. Жергілікті адамдардың ерекше қонақжайлығын атап өткіміз келеді. Қазақстандағыдай қонақжайлылықты ешқашан, еш жерде көрмедік десек – артық айтқандық емес. Сондай-ақ, бір айта кететінім, шетелдік туристерді, әсіресе Еуропалық туристерді ең алдымен елдің ішкі әлемі, сонымен қатар ерекше мәдениеті, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптары қызықтырады. Сол қызықтардың барлығын осы өңірден көре алдық деуге болады. Ерекше әрі бай табиғатын, қызықты орындары мен тарихын сақтап сіздерге деген қызығушылығымыз зор», – деді Франциялық журналист Изабель Моран.

Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов шетелдік журналистердің сұрақтарына жауап беріп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен жетістіктерін және орта шағын бизнестің дамуы туралы айтты. Өңір басшысына  Қазақстанның және Маңғыстаудың бірегей мәдениетін сақтау  және туристік әлеуетті дамыту  туралы сұрақ қойылды.

«Облыстағы туризмді дамыту мақсатында кафе мен санитарлық аймақтары бар 10 визит орталықтарын салуды жоспарлап отырмыз, оның ішінде экскурсиялық және көрме орталығы, сыйлық, ұлттық өнімдер дүкендері болады. Өзбекстан шекарасына дейін 85 шақырым жол құрылысы жүріп жатыр. Жолдың ұзақтығы бойынша туристерге қажетті барлық қолайлы жағдайды ұйымдастыру бойынша орталықтар салынады. Кеше сіздер Бекет ата мен Шопан ата қорымдарын көрдіңіздер. Бекет ата қорымы тек қана Маңғыстаудың ғана емес, Қазақстанның да сәулеті ерекше тарихи және архитектуралық ескерткіш. Қазақ халқы әдеп-ғұрыптармен мәдениетті тарихтағы ең қиын кезеңде сақтап қалған ел. Біздің елімізде өзінің мәдениеті, дәстүрі мен тілін сақтаған 130 өз ұлт өкілдері тұрады. Барлығы бірлік пен тұрақтылықтың арқасында тату-тәтті ғұмыр кешуде», – деді Ералы Тоғжанов.

Қазақстан бойынша шетелдік журналистердің сапарлары 10 күнге созылады. Олардың келесі аялдамасы Алматы облысы.

«Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» жобасының аясында өткізіліп отырған екінші пресс-туры туризмді дамытуға және Қазақстанның қарқынды дамып келе жатқан мемлекеттік ретінде жалпы қолайлы имиджін қалыптастыруға бағытталған. 

 

 

 

 

 

 

Leave a Reply