«Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы» мемлекеттік мекемесі, музейдегі көпшілік жұмыстың ең негізгісі болып табылатын экскурсияның танымдық бағыттағы құндылығын ашып көрсету, қор жұмысының бағыттарымен танысу, музей қызметкерлерінің өзара тәжірибе алмасуы мақсатында, 2-5 маусым күндері «Экскурсия-көпшілік» бөлімінің меңгерушісі Яриханова Айман Керліқұлқызы және «Қор» секторының меңгерушісі Аққұлова Марал Ермұханқызы Ұлытау облысына қарасты облыстық, аудандық тарихи-мәдени қорық, өлкетану музей мамандарының жалпы жұмыс бағытымен танысып, тәжірибе алмасу бойынша іс-сапарға барып, Ұлытаудың бүкіл қазақ елі үшін қадір тұтатын қастерлі өлке екендігіне куә болды. Осы іссапар барысында алдын ала музей қызметкерлерімен келіссөздер жүргізіліп, іссапардың негізгі жүру жоспары жасақталып, ең алдымен іссапардың:
- 1-ші күні (2 маусым) «Ұлытау облысының тарихи-археологиялық музейіне»,
- 2-ші күні (3 маусым) академик «Қ.Сәтбаев Музей-үйі» мен «Жезді музейіне»,
- 3-ші күні (4 маусым) «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығына
- 4-ші күні (5 маусым) «Ұлытау аудандық тарихи-өлкетану музейінің» әр экспозиция залдағы жәдігер тарихымен толықтай танысып, елдің өткені мен болашағын жалғап, ұрпақ санасына ұлттық болмысты сіңіретін алтын көпір іспеттес тарихи-танымдық тағылымды экскурсиялар ұйымдастырылды.
Ұлытау өңіріндегі жоғарыда аталған тарихи, табиғи, археологиялық музей, қорық-музейлердің әрқайсысы бір бөлек, тағылымды тарихымыздың куәсі.
Ұлытау – ұлы дала, ұлы өлке, терең тарих. Ата-бабаларымыз табиғатына тамсанып, тарихын ұрпақтан-ұрпаққа мирас етті, киелі жерлерін қасиетті мекенге санап Ұлытаудай ұлы жерді дәріптеді. Сонымен іссапарымыздың 1- ші күні «Ұлытау облысының тарихи-археологиялық музейінен» бастау алып, басшысы Зағира Шорақызы және барлық ұжымы ақжарқын көңілдерімен қарсы алды. Бірінші кезекте жаңадан жасақталған экспозияция залдарымен таныстырып, экскурсияны тарихшы Эльвира Ғалымқызы жүйелі, тиянақты, кәсіби шебер жүргізді. «Дәуірлер тоғысындағы Ұлытау» деп аталатын бірінші залда Ұлытау облысы өңірінің тарихи, табиғи даму кезеңдерінен бастап түрлі мәдениетке дейінгі экспозицияларды қамтиды. Екінші зал – «Ұлытау ғасырлар шежіресі». Ол Ұлытаудың дала өркениеті мен қазақ мемлекетінің тарихи өзегі болғандығын айғақтайтын экспозициядан құралған, «Бұланты шайқасы» мультимедиялық диорамасы қойылған. Бұл залда сақтар кезеңінен ХIX ғасырдың археологиялық құнды жәдігерлермен тарихи сабақтастық көрсетілген. Үшінші залға XX ғасырдағы қоғамдық − саяси тарих арқау болған. Алаш зиялылары, Степлаг, Екінші дүниежүзілік соғыс, ауылшаруашылықтың дамуы көрсетілген. «Қазыналы өлке тарихы» залы. Өлке өндірісінің дамуы, алғашқы геологтар, Қ.Сәтбаевтың голограммасы, Жезқазған қаласының тарихы, Ғарыш айлағы, Чернобыль, Ауған соғысы, Тәжік-ауған шекарасындағы ұрыс қимылдарына қатысқан жауынгерлердің ерлік тарихы, Желтоқсан оқиғасы, «20-шы облыстың 20 елеулі оқиғасы» туралы фотосуреттер мен экспонаттар арқылы берілген. Сонымен қатар музейдің қор сақтау құжаттары, сақтауда тұрған жәдігерлердің жалпы жағдайымен таныстық. Сапарымыз түстен кейін Ұлытау өңірінің тарихи, киелі орындарына, атап айтсақ Алаша хан, Домбауыл ғұрыптық ескерткіші, Жошы хан сәулет ескерткішіне экскурсиямен жалғасты. Экскурсияны археолог Алтынай қыз ғылыми деректермен ұштастыра отырып жүргізді.
Ұлытау тамаша тарихымен, әсем сәулетімен өзіне қызығушылық тудыратын бағзы замандардағы ата-бабаларымыздың мәдениетінің көптеген құнды мұралары – өңірдің ұлт бірлігін сақтаған, құтты, берекелі, қазыналы, тарихы терең шежірелі өлке екендігінің айғақ белгілерін көрдік.
Алаша хан кесенесі Ұлытаудың тарихи ескерткіштері арасында ерекше орын алады. Оны басқа ғибадатханалардан тікбұрышты құрылымы, ауқымдылығы, әрлену ерекшеліктері және бік төбеде орналасуы ерекшелеп тұр. Алаша хан кесенесінің жоғарысына, кіргеннен кейін сол жақ қапталынан бір аяқ баспалдақпен көтеріліп шықтық, жоғарыдан кең жазық далаға көз тастап ерекше сезімде болдық, айналасы адамның алақанындағыдай ап-анық көрінеді екен. Ерекше күйдірілген кірпіштер тұрғызылған, терезе ойықтары мен есіктерін безендіру үшін ағаш пайдаланылған. Биіктігі 10 метрге жетеді. 16 қырлы барабандағы күмбезі ерекше көзге түседі, оның айналасында дөңгелек галерея орналасқан. Қабырғалар сегіз тіреуішпен бекітілген.
Домбауыл кесенесі – VІІІ-ІХ ғасырларда исламға дейінгі кезеңде салынған Қазақстандағы ең ірі тас ғимараттардың бірі. Ескерткіштің түбі шаршы, өзі конус тәрізді пішіні назар аудартады. Алты метрлік ғимарат саз езіндісімен жасалған тас плиталардан тұрғызылған. Қабырғалардың қалыңдығы 2,5 метрге жетеді.
Жошы хан кесенесі туралы алғаш рет Бұхара ханы ІІ Абдаллах ханның өмірі мен қызметіне арналған Хафиз-и Таныш ибн Мир Мұхаммед Бұхаридің (ХVІ ғасыр) «Шах даңқы туралы кітап» еңбегінде айтылған. Кесенеге ғылыми зерттеулер алғаш рет 1946 жылы тарихшы-археолог Әлкей Марғұланның басшылығымен жүргізілген. Нәтижесінде екі қабір табылған. Бірінші сағанада адам қаңқасының қалдықтары бар ағаш табыт болған. Табыттан табылған заттардың қатарында жалау бөліктері, темір шегелердің сынықтары және жерлеу киімдерінен тері бөліктері, жабайы жануарлардың сүйектері және түйенің бас сүйегі болған. Ғалымның пікірінше, бұл табылған заттардың барлығы «Ақсақ құлан» күйіне негіз болған Жошы ханның өлімі туралы аңызбен үйлеседі. Екінші қабір Жошы ханның әйелдерінің біріне тиесілі болса керек.
Жошы хан кесенесі көгілдір тақтайшамен безендірілген және 17 қырлы жұлдызды барабанға орнатылған, шаршы пішінді ғимарат түрінде қызыл кірпіштен тұрғызылған. Сыртқы күмбезі мен барабан қалпына келтірілген. Ғимараттың ішкі қабырғалары тегіс, сыланбаған. Еденіне кірпіш төселген. Қазіргі уақытта Жошы хан кесенесі қазіргі заманғы «Жошы хан» тарихи-мәдени кешенінің бір бөлігі, оған сондай-ақ мұражай, Жошы хан ескерткіші, шатырлы қалашық және қонақүй кіреді. Кешенмен танысу Ұлытау аумағынан табылған археологиялық заттардың экспозициясы бар көрме залына барудан басталады. Көрші залда Шыңғыс ханның үлкен қызы Болған ананың өмірінен сыр шертетін жәдігерлер қойылған. Тағы бір ерекшелігі көрме залы бар киіз үй – Хан шатыры, ондағы экспозиция үнемі өзгеріп отырады екен, бірақ қолында домбырасы бар, тізе бүккен жауынгердің мүсіні өзгеріссіз қалады. Хан шатырға кіріп, хан тағына отырған кезде күйші Кетбұға жыраудың аңыз бойынша ханға Жошының сүйікті ұлының қайтыс болғаны туралы қайғылы хабарды жеткізген «Ақсақ құлан» күйі орындалады, сол сәтте әрбір хан тағына отырып, күйді тыңдаған адам сол уақытқа түскендей әсер алады. Бұл біздің Ұлытау өңіріне барған іссапарымыздың 1-ші күні ғана, сол бір күннің өзінде Ұлытау топырағы – алып тұлғалардың рухы тоғысқан жер екендігін көрдік. Ел мен жердің тарихи-мәдени құндылықтарын, қадір-қасиетін бағалай білу – баршамызға ортақ парыз деп білейік.
«Экскурсия-көпшілік» бөлімінің меңгерушісі
Яриханова Айман Керліқұлқызы






