Дана халқымның дара тұлғасы СҰЛТАН ЕПЕ

Маңғыстауға, сондай-ақ онымен жапсарлас Адай жұрты мекендеген жерлерге мекендеген осы бір сан мен көтеріңкі атауды білмейтін маңғыстаулықтар кемде – кем шығар деп ойлаймын. Маңғыстаудағы «киелі» деп саналатын жерлер, орындар, нысандар санын ешкім түгендеп көрген жоқ, әрине көптеген сауатты кісілердің үйінде, қойын дәптерінде  осындай әулиелер туралы жазбалар мен естіген оқиғалар тізімдері бар шығар.Әр кезеңнің өзіндік тарихи ағымы және сол ағымның бір шежіресі болады емес пе? Дініміздің, тіліміздің, салт-дәстүріміздің шығуы мен дамуы  жолында, ұрпақтан ұрпаққа жеткізу барысында қазағымның сонау Қожа Ахмет Яссауидын дәуірінен бастау алатыны белгілі. Халық арасында сауат ашуға, ілім – біліммен, ем- доммен, дау –жанжалды әділ шешуімен халық санасында мәңгі сақталған әулиелер. Қазіргі таңда ісімен өнеге, қалдырған мұрасымен қасиетті,  ұлты үшін қадірлі  аты аңызға айналған  жандар санаулы ғана. Соның бірі Сұлтан епе.

Сартас шығананғына таяу, теңіз жағасынан көрініп тұрған тау аңғарының аты Сұлтан епе – Каспий жағалауына жақын жердегі Ащымұрын мен Ойра аралығында, Таушық селосынан 40 шм солтүстік- батыс бағытта орналасқан. Аңғар іші әр түрлі жеміс ағаштары мәуеленген бақ, табаны сылдырап аққан бұлақ. Тау басында жақпар құзын қашап салған мешіт, бір жағынан алғанда Сұлтан епе әулиенің бақилық мекені делінеді. Мешіт бір – біріне жалғасқан 11 бөлмеден тұрады және тастан тіреуіш бағаналар орналасқан. Мешіттің бір бөлмесі зікір салатын орын, ал бір бөлмесі  - қылует. Әулие 63 жастан соңғы ғұмырын сонда Аллаға мінәжат етумен өткізген. Маңғыстау ескерткіштерінің ішінде мұндай қылует тек осында ғана бар. Жанында тұщы сулы құдық жар басынан қазылған. Сұлтан епе шамамен ХІІ-ХІІІ ғасырларда өмір сүрген адам деп пайымдайды. Сұлтан епе мешіті жерасты медресесі атанған кешенді құрылыс болып келеді. Қазіргі таңда әулиенің басына Қазақстанның бар аймақтарынан зиарат етіп келушілер аяғы көбейюде. Әулие басына зиарат етуге келген қонақтар осынау жым – жырыт  тыныштық басқан қасиетті жерді аралай жүріп, шама келсе оның өткеніне үңілгісі келеді. Қандай тұлға екенін білгісі келеді. Дегенмен ол тұлғалар туралы  ауыз толтырып, қолға ұстай қоятындай нақты деректердің  жоқтығы да бар. Өмір сүрген кезеңінің әсері ме тың деректер табу қиынға соғады. Алайда бар мұрағатың өзін қастерлеп, ұрпақтан – ұрпаққа жеткізіп отырған  бұқара халқымның даналығы. Ел аузындағы аңыз әңгімелерге үңілсек Сұлтан епе  Сүлеймен Бақырғанидың баласы екен.(Аңыз әңгімелерде ол кісіні Хаким ата деп те атайды.) Атақты қажы Ахмет Яссауйдің шәкіртті болған. Кезінде ұстазы өз ісін әрмен қарай жалғастырсын деп, оны Хива жеріне жібереді мыс. Сол жерде Анбарь есімді әйелмен отау құрып, жанұялы болады.  Олар үш тумаласты – Асқар, Гөппи, Мұхаммед. Гөппи – Сұлтан епенің лақап аты. Мағынасы «киелі» дегенді білдірсе керек. Әулиенің есімінің соңына жалғасып айтылатын «Епе, үпі, әбе» сөзі парсының аба-су деген сөзінің қазақша үлгісінде Сұлтан епе (Сұлтанүпі) болып кеткен.  7 жасында -  ақ Сұлтан епенің бойына әруақ қонған екен деседі. Баласының өзгелерден оқшау екенін сезген әкесі Сұлтан епені Қожа Ахмет Яссауиге алып барады. Ол кісі: «Балаң өзіңнен де асқан қасиет иесі болғалы тұр. Батаңды беріп жолға сал.» - депті. Әкесінен осылай бата алған бала Сұлтан епенің мекен – тұрағы осы жер болып қалған. Ол қазіргі мешіт тұрған орынға келіп қонған түні, құз астынан жарылып бұлақ ағыпты. Ол о баста теңізге сарқырап құйып жатқан өзен екен. Суы тұщы. Келе – келе теңіздегі балықшылар осы өзен сағасынан су алып ішіп аттанған сапарларының бәрінің сәтті болатынына көз жеткізіпті.  Міне содан болар, Сұлтан епе әулиені су пірі киесі тұтып кеткен. «Пір» деген мағынада ол кісіні тек су пірі ғана емес, тұз, дүз, әділ ой пірі деп те қарастырады. Су пірі атанған Сұлтан епе, Темір баба сияқты әулиелер – суды өзіне бағындырған кереметтер. 

Ал жалпы мешіттің салыну тарихы туралы аңыз әңгімелерге құлақ түрсек; Бір күні Хаким атаның шәкірттері жиналып, құрбандық шалады. Құрбандыққа 9 өгізді сойады. Содан түге-жігесін қалдырмай жеп қояды. Ол кезде Сұлтан епе болмайды да, ертесі күні келсе оған сыбаға да алып қалмаған көрінеді. Сөйтіп Сұлтан епе әкесіне неге маған ештеме қалдырмадыныздар дегенінде, әкісі өзі жоқтың көзі жоқ дегендей жауап қатады. Ашуға булыққан Сұлтан епе сойылған 9 өгіздің терісі мен сүйегін алдырып, әкесіне мына өгіздерді қайта өз тобырына қосылуларын бұйыр деп жауап қатады. Хаким ата менің құдыретім сенің өтінішіңді орындауға жетпейді деген де , Сұлтан епе олай болса маған рұқсат етіңіз деп, келісімін алады да, қолындағы таяқшасын өгіздердің терісі мен сүйегіне тигізе тұрып: «Біссмілләх, алланың атымен, тұрындар да жайылмдағы өз тобырларыңа қосылыңдар...» - дейді. Сол жерде өзгіздер тіріліп жүріп кете береді. Әкесі мен шешесімен қоштасқан Сұлтан епе содан бері із – түссіз жоғалып кетеді. Хаким ата баласын іздемеген жері қалмайды, бұл туралы ол,  Қожа Ахметке айтады. Қожа Ахмет Яссауй Хаким атаға  Сұлтан епеге жасағанын қатігездігіне қатты ашуланып, сенің қабіріңнің үстінен бәрі бір қалыпқа келгенінше су кетпесін деп бұйырады. Баласын сол бойы көруге ынтызар болып Хаким ата да өмірден көз жұмады. Оның қабірінің үстінде Амудария көлі пайда болып Бақырған қалашығын су шайып кетеді. Уақыт өте келе, су тартылып қабір үсті ашылады мыс. Інілерін іздеген Асқар мен Мұхаммед Маңғышлақ жеріне келіп қаза болады. Оларда өте киелі ,әулие кісілер болған деседі. Сұлтан епенің жоғалғанына жүздеген жылдардан кейін,қазіргі таңда Сұлтан епе сайы деп аталып жүрген жерге, молдалар жиылып бала оқытатын болған екен. Олардың арасында Хейрулла есімді аңқау, ақсақ, бейшара бала болған. Үйде әкеден, мұнда молдадан таяқ жеп, құрдастарына келеке болған Хейрулла өмірден түңіліп бір күні, жазық далаға шығып кетеді. Жаратқанға ашынып, өлгісі де келеді, бір тасты қолына қысып ұстап, өксіп- өксіп жылаған бала ұйықтап қалады. Ол түсінде Сұлтан епені көреді. Сұлтан епе балаға тұр, жылама, аузыңды аш дейді, Хейрулла аузын ашады, сол кезде әулие баланың басына білім мен ақыл, бойына күш – жігер жібереді де. Жолға түс алдыңнан жар басына қонған бүркіт шығады, сол жерге мешіт тұрғыз деп бұйырады. Бала мен ақсақ, әл жуан қалайша мешіт тұрғызбақпын деген де: Сұлтан епе қорықпа, әр бір тасты ұстағанында «О, әулие Сұлтан епе өзің жар бола гөр...» дей берсең болды дейді. Ұйқыдан тұрған Хейрулла жолға шығады, алдынан шыныменде бір жардың басында отырған бүркіт шығады. Жақын бара берген кезінде, әлгі бүркіт: «Сұлтан епе ..» - деп айқайлап ұшып кетеді. Хейрулла сол жерге белгі қойып,үйіне қайта оралады, болған жәйітті молдаға айтады. Молда осы уақытқа дейін қайда жүргеніне ашуланып, балаға оқуға құран кітап береді, Хейрулла еш саспастан оқып береді, аң – таң болған молда тағысын – тағы аяттарды бере береді бала Хейрулла бәрін мүдірмей оқып, баяндап шәкірттер арасында үздігі атанып кетеді. Кейінен әлгі белгі  салған жеріне келіп, Сұлтан епеге сыйынып мешітті тұрғызады. Мешіттің қасиеттілігі, ол жерге аурудан айығу үшін, әйел адамдар бала көтеру үшін, мүгедектер шипа алу үшін келетін орынға айналады. Ол жандардың жанына желеу, рухани азық, шипа, ізгі – ниеттерін қабыл еткен орын бүгінде Сұлтан епе мешітті аталып кеткен екен. Ескерткіш  ежелгі киелі орын ретінде, 2004 жылдың желтоқсан айында аяқталған күрделі  жөндеу жұмыстарынан кейін «Сұлтан епе ғибадатханасы» болып аталуға ұсынылып, оң шешім қабылданып, қорым ел басына түнеп, әулие тұтып қастерлейтін ескілікті орын ретінде сақталып 1982 жылы жергілікті дәрежеде мемлекет қамқорлығына алынған болатын. 

Қазіргі таңда, Сұлтан епе мешітінің басында зиарат етушілерге арналған үлкен Түнемелік үй қазіргі заман талабына сай архитектуралық жүйеде адамдарға ыңғайластырып салынған. Ел – елден, жер – жерден келген зиарат етуші қонақтар мешіт басында ас беріп, құдық сунан дәм алып, үйге түнеп, Маңғыстаудың осындай киелі орындарын сақтап келген ұрпағына ыстық ықыласын білдіріп жатады. Осындай игі істері үшін, түнемелік үйді тұрғызған «ХазарМұнай» компаниясының директоры Жұмағұлов Нұржан азаматымызға  алғысымызды білдіреміз. Халқына адал қызмет етіп, өткенің көзі көрінетін мұраларымызға қамқорлық танытып жүрген кісінің бірегейі. Осы сынды «атасынан бата алар...» қымбат мұраларымызға «жанашырлық» жұмыстарына қол үшін берер азаматтар көбейе берсін демекпін. Мінекей құдыреті күшті адам иесінің жетер шыңының шынайылығы. Олай дегенім біздің ата – бабаларымыз осылай ерлік жасаған болса, оның ұрпағы да керегесі нық, санасы терең болуы тиіс. Сондықтан да, қазіргі таңда тарихи – мәдени ескерткіштерге деген «жанашырлықты» көз – қарасты қалыптастыру керек секілді. Тарихи – мәдени мұраға деген қамқоршылықты игі істердің жасалуын қадағалау міндетіміз екенін әр біріміз ұмытпауымыз қажет. Бүгінгі таңда жайқалған жасыл желкенді бағы бар құдықтың шипалы суы сарқылмаған, соның өзін қазіргі уақытқа дейін ағып тұрғанын ескерсек және оның алдағы уақыттарда сарқылмауын ойлағанымыз жөн болар еді. Сол себепті, құдық шекарасын қоршау керек секілді, жазық даладағы мал аяғының бәрі де сол жерден су алуда. Сол бір кездері адам аяғын бастырмай, киелі орынның суын тек шипа ретінде қолданғанын ескерсек, қазір біздікілер оны, оңды – солды шашуда тәрізді... Кезінде Маңғыстау облысы әкімдігінің 2006 жылғы 30 маусымындағы №221 «Тарихи-мәдени ескерткіштерге қоғамдық қамқоршылықты бекіту туралы» қаулысына сәйкес облыстық мәдениет басқармасында қамқоршы мекемелер мен кәсіпорындарға ескерткіштер бойынша біршама міндеттемелер жүктелген болатын.  Атап айтқанда «Сұлтан епе қорымы, жерасты мешіті және сайы» , «ҰҚ Қазақстан Темір жолы ААҚ» мекемесінің қамқорлығында. Алайда жергілікті қоғамдық жұмыстарының  барлығын дерлік өкімет өзі атқаруда. Дегенмен де істің барысы  «Аты таудай, заты нардай» болып отырғанына іштей қамығассын.

Менің айтайын дегенім, халқымның от басы, ошақ қасы деген танымдарының тазалығында, батырлығымен, ұлтшыл, бауырмалдығы болар ұрпақтан ұрпаққа құлақ қағыс етіп өз шешен билерін, әулилерін, батырларын, дана тұлғаларын ұмытқан емес.  Олар жайлы айтуды да, жазуды да тоқтанқан емес, тек сол айтылған, жазылған аңыздардың біз жастарға бері мол, тәрбиелік мәні мен отан сүйгіштікке деген көз – қарастарымызға әсер етсе игі. Сонымен бірге қазіргі таңда тарихи – мәдени мұраларымызға деген қамқорлықты қолға алып, жүзеге асыру барысы жоғарыдағы ағалардың назарында жүрсе демекпін. Тарихи – мәдени мұраларды аялау Мәдениет саласының ғана емес, әр біріміздің борыщымыз екендігін ұмытпағанымыз жөн. «Тереземіз тең, төрт құбыламыз түгел»  мына заманда  болашақ ұрпақ осындай ұлағатты адамдардың болғандығын, сол кісілердің өмір сүрген жерінде ауасымен тыныс алып, еркін өмір сүріп жүргендігін бағалап, олардан қалған саусақпен санарлық құнды жәдігерлерді қорғап, насихаттап, ата – бабаларын мақтаныш тұтып жүрсін деген оймен, өлкеміздің әулисінің бірі Сұлтан епе жайлы жазуды жөн көрдім...

Пайданалынған әдебиеттер:

1. Ә.Спан, Ж.Дүйсенбаева «Ұлы даланың ұланғайыр мұрасы» Алматы, 2006 ж.;

2. «Сборникъ»   Святыни о кавказких горцах. Тифлисъ 1873 г.;

3. С.Қондыбай «Маңғыстау мен Үстірттің киелі орындары» Алматы 2007 ж.                                                           

Лахан М.Е.

«Экскурсия – көпшілік» бөлімінің  ғылыми қызметкері

«Маңғыстау мемлекеттік тарихи – мәдени қорығы» ММ


Жарияланған күні: 5 қазан 2011




7 наурыз 2018

Тарихи мұра жанашырларына – Алғыс!

14 қараша 2017

Тарихын тасқа жазған шеберлер

20 қазан 2017

Мұнарлы төбе, мың белес

18 желтоқсан 2015

Маңғыстау ғашықтары

18 мамыр 2015

Өлі риза болмай, тірі байымайды

5 қазан 2011

Дана халқымның дара тұлғасы СҰЛТАН ЕПЕ

23 мамыр 2010

Маңғыстаулық ақын Түмен Балтабасұлы

6 мамыр 2009

Ақкетiктегi тарихи-мәдени мұраларымыз

15 сәуір 2008

18 сәуір – Ескерткіштерді қорғау күні

9 қаңтар 2007

Үйтолы ата мешiтi

12

 

 

 

Ескеркіш

Есепте тұрған ескерткіштер саны:

590

Республикалық дәреже:

20

Жергілікті дәреже:

570

Ескеркіш

Есепте тұрған киелі орындар саны:

43

Жалпыұлттық дәреже:

15

Жергілікті дәреже:

28