Мұнарлы төбе, мың белес

Маңғыстау мен Үстірттің  маңы  Батыс Қазақстанның  керемет халық  сәулет өнерінің  ошағы болып табылатыны белгілі,  санының молдығы жағынан да,  барлық түрінің  ең шебер орындалуы жағынан да өңір  көшпенділерінің  мемориалды-ғибадаттық  құрылыстарының  қайталанбас  нұсқалары осы жерде  шоғырланған. 

Мақала мазмұны Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасы аясында, «Қазақстанның киелі жерлерінің» жобасына енгізілген жалпыұлттық, макросакралдық маңызы бар, өлкеміздің баға жетпес қазынасы саналатын Шақпақ-ата жерасты мешіті және қорымы туралы болмақ.

Маңғыстау  мен Үстіртте  көптеген ғасырлар ағымында  әр түрлі  жағдайлардың, оның ішінде өте жағымдысы да, жағымсызы да  болатын  қайталанбас факторлардың  тұтас тізбегінде «халық  сәулет өнерінің  орасан үлкен  ашық аспан астындағы  музей қорығы» деп айтсақ,  әділетті болатындай ескерткіштердің  кең көлемді  кешені қалыптасты. Арал-Каспий  аймағындағы көптеген  және  әртүрлі  монументалды-ғибадаттық  құрылыстардың  ошағы болатын Маңғыстау-Үстірт кешені  ерекше көрінеді. Олар – көп болуы, әртүрлілігі, ескерткіштердің  жеке ерекшеліктері, олардың жоғары көркем шешімі,  формаларының тұтастығы мен  бітімі. Дәстүр мен монументалдық  глиптикаға ( тасқа өрнек салу)  керекті бортас пен  құмтастың түрлерінің  болуына байланысты  сәулеттік пошымдар  мен тас қашау  өнерінің  үйлесімділігі  ерекше көріністе. Маңғыстау мен Үстірттегі  жерлеу-ғибадаттық  құрылыстардың  генезисін және осы аса ерекше  ескерткіштердің семантикасын зерделеуде  олардың  бейнелеріндегі  архаиз, жәдігерлікке  лайық формалары аса құнды және зерттеушілерді қызықтыратыны табиғи нәрсе. Осындай тарихи құнды ескерткіш жайында аз болса да мәліметтер жиынтығын көпшілік қауымға айта кетсем деймін. 

Монғол дәуіріне дейін оғыз-қыпшақ арасынан шыққан тас қашаушы-шеберлер  манғышлақтың  монументалдық ескерткіштерін сомдаумен айналысады: оған мысал  ордерлік  құрылым элементтері бар жартастағы Шақпақ ата мешіті. Осы жерлерде көптеген бейіт басылық  құрылыстар да қатар салынып жатты. Біртіндеп,  үлкенді-кішілі бейіттер, ғибадатханалар, кешендер бой көтере бастады.  Ерекше  маңызды нәрсе,  ол тастың мықтылығы өзіндік сәулет өнері  дәстүрлерінің  тоқтаусыз дамуын, сақталуын  қамтамасыз етті, сондықтан да ескерткіштердің  бұрынғы жетістіктері зұлматтарға, халықтың  қоныс аударуына да қарамастан әр уақытта көз алдында тұр.  Сонымен, Маңғыстау-Үстірт  ғибадатханаларының  жекелеген  түрлері көптеген  ғасырлар бойы өмір сүріп,  нәтижесінде өлкелік,  ұлтаралық мәнге ие мемориалдық-діни кешенге айналды. 

Қоңыр бел,

Қара мауыт қой тастарым,

Саздауға арқа салып  бой тастадың.

Сары тас,

Салқын самал Шақпақ атам,

Сар желіп 

Сағым мініп ойқастадың – деп Сабыр Адай атамыз жырлағандай, Маңғыстау өңірінің типологиясы бойынша  алуан түрлі ескерткіштерінің  арасында  архитектурасы мен  құрылымы жағынан жартастағы жерасты мешіттері ерекше, соның ішінде бірден бір берегейі, аса көрнекті діни, архитектуралық-ландшафты  көркем үлгідегі ескерткіш  Шақпақ-ата жерасты мешіті  болып табылады. 

Шақпақ-ата  жерасты мешіті Түпқараған ауданы, Таушық елді мекенінен 40 шм солтүстік-батыс бағытта  Сарытас –Қошақ шығанағына таяу Оңғазы тауының етегінде (Шиліқұдық алқабы) орналасқан. Айналада шақпақ тас-кремний тау жынысы көптеп кездеседi, ал Шақпақ-ата сайында сол тастан құралдар жасап пайдаланған алғашқы адамдардың тұрақтары сақталған. 

Мешіт төрт бөлмеден тұрады. Құнансу жазығының тік шығыс ернеуіндегі  әктасты шөгінділер қабатынан ойылған. Жергілікті халық бұл жазықты Шақпақ-ата сайы деп атайды. Ирек-ирек құрғақ арнасы  бар  бұл  жазық  айналасы  әктасты таулардың тік жартастарымен  шектелген көрікті  ойпаттан  басталады.  Нөсер жауындар кезінде тау беткейлерінен ағып келетін жылғалар қарғынға айналып, құрғақ арна бойымен теңізге қарай ағады. Төбесінен  жарық түсетін  күмбезді,  сызбада крест тәрізді болып жан-жаққа тартылған. Крестің  ұзын жақтары  шығыс пен батысқа бағытталған. Осы  ұзын коридордың батыс  бетінде  ішке кіретін кішкене дәліз, оның шетінде  шағын алаң орнатылған.  Ғибадатхананың ойық терезесiнiң  үстiнен таудың бетiнде  квадрат пiшiндi ротонда орнатылған. Терезенi жауын-шашыннан немесе желден  қорғау болмаған, себебi бұл шағын  ғимараттың дүниенiң  төрт бұрышына бағышталған қабырғаларында  төрт бiрдей кiрiс бар. 

Ескерткіш 1965-168 жж. Қазақ КСР ҒА Қ.Сәтбаев атындағы Геология институтының  экспедициясының зеттеушісі А.Медоевтің жетекшілік  етуімен, 1973 жылы В.И.Ленин атындағы Қазақ КСР ескерткіштерді  қорғау қоғамының Орталық кеңесінің  архитекторы М.Меңдіқұлов, Қазақ КСР  Мәдениет  министрлігінің 1976 жылы А.Итенов, 1979 жылы М.Нұрқабаев басқарған экспедициялармен  зерттелген. Ескерткіш алғаш рет Қазақ КСР  Министрлер Кеңесінің №38 Қаулысы бойынша 26.01.1982 жылы республикалық  дәрежеде  мемлекеттік қорғауға  алынған. Кейіннен, ҚР Үкіметінің 2008 жылғы 21 наурыздағы №279  қаулысына  өзгерістер енгізіліп,  Қазақстан Республикасы  Мәдениет және  спорт  министрінің 2015 жылғы 30 наурыздағы №119  бұйрығымен  республикалық маңызы бар Тарих және мәдениет  ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген.

1983 жылы ескерткішке «Маңғыстауреставрация» АҒЖӨШ  мамандарымен ғылыми-реставрациялау  жұмыстары  жүргізілді.

2008 жылы өңірлік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында  Маңғыстау облысысның ескерткіштері сериясын ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік  мәдени мұралары  тізіміне енгізуге  ұсынуға дайындық  жұмыстарының  пилотты жобасы  ретінде  ескерткіштің  қорғау аймақтарында  археологиялық зерттеу, топографиялық, кешенді инженерлік, сәулет-археологиялық және этнологиялық  зерттеулері,  қорғау аймақтарын  жобалау  жұмыстары  өткізілді (орындаушылар – А.Астафьев, М.Қалменов, Е.Хорош, Л.Бисембиева және басқалар).

Маңғыстау облысы әкімдігінің 08.12.2010 ж.№414 қаулысымен ескерткіштің  қорғау аймақтарының  шекаралары бекітілген. 

2009 жылы өңірлік «Мәдени мұра»  бағдарламасы аясында Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты  мамандарымен (Ә.Муминов, А.Нұрманова) араб графикалы  жазуларының  мәтіндері  зерттеліп, Шақпақ ата жерасты мешіті мен қорымының эпиграфикасы альбом-кітабы шығарылды. 

Белгілі зерттеуші ғалым А.Г. Медоев бұл  көрнекті құрылысты былай деп сипаттаған: «Ғимарат  ежелгі шығыстың  сәулет өнерінің  үлгісімен  күмбезделіп жасалған. Мешіттің іші мен  есіктерінің мәнер  өрнектері  ерекше көркемделген. Ертедегі белгісіз шеберлер, тас өңдеушілер мен  оюшылар тас бетіне  бедер түсіріп, оларды өшпейтін  бояулармен безендірген. Оларды жасаушылар құрылысшы емес,  көбіне мүсінші сияқты еңбектенген». Мешіт қабырғасында  кескінделген сопылық бағыт  суреттері мен тұжырымдар (сопылықтың  басты белгілері аялы ашық алақан бейнесі,  жануар суреттері, алланың 99 мағыналы аты, т.б.)  оның тарихын, белгілену уақытын тереңдете түседі. Мешіттің  қабырғалар, порталдар мен ұстындар жазықтықтарының  беттеріндегі  мұншама көп  мөлшердегі  эпиграфика өңірдің басқа  бірде-бір ескеркішінде жоқ екенін атап айту керек.

Тарихи жазба деректерге сүйенсек, Шопан-атадан екі бала (Шағырық, Исан) болса, Шахрух (Шағырақ) атадан екі ұл Шах-Мардан (Чахмаг-Шақпақ) мен Қапам ата тараған делінеді. Соған қарағанда, Шақпақ-ата аңызға айналған Шопан-атаның немересі болып келеді.

Ел аузында сақталған аңызға қарағанда, Шақпақ-ата мұсылманшылықты терең меңгерген, өзінің жерасты мешітінде шәкірт тәрбиелеп, бала оқытқан әулие адам болған. Шақпақ-ата аталынуының себебі, ол кісі тырнақтарын бір-біріне жанастырғанда, арасынан от шығатын болғанды. Енді бір аңыз желісі бойынша, Шақпақ ата ғажайып күш иесі ретінде  бейнеленеді. Имеди  тауының  (Қаратау)  ұшар басындағы  киелі орын Шақпақ атаның оған бұлт үстімен шыққаны үшін  «Сахаби»(«Бұлтты») деп аталған. Шақпақ ата өзін аңдыған жаудан  бассауғалап қашқан; әйтсе де  намаз (салат) уақыты келгенде тоқтап, бір үлкен тасты таңдап алып, соның үстіне   намазын оқи бастаған;  содан уақытты елеместен  дәл екі жыл оқыған. Осы таста оның  аяғының,  қолының  және жерге  бас қойғандағы (сәжде)  мұрны мен маңдайының  тиген жерлерінде  іздері қалған.  Олар күні бүгінге дейін  көрінеді. Екі жыл өткеннен кейін  жауы осы  араға  келіп  оның  басын  шауып  тастаған; бірақ Шақпақ ата кесілген басын қолтығына қысып алып қашқан бетімен  ғайып болған. Ол аяғымен  басқан тастарда алшақ-алшақ іздері қалған.  Бұл жер Құнансу  өңіріне  таяу терең сайда (Шақпақ ата сай). Көптеген  киелі орындарға  тән  әулие құлпытасының  болмауының себебі – терең сайда  жоқ болып кеткені  болу керек.  Өзін қуғындаушы «дінсіздерден» (куффар) кейде кесілген басын қолына алып ғайып болатын тірі кейіпкер туралы сюжет Орталық Азияда Әли халифтің (656-661)  ұлы Мұхаммед  ибн әл-Ханафияға (700-701 ж. қаза болған)  және оның  ұрпақтарына табынумен байланысты  қасиетті  орындарда  белгілі.  Шақпақ атаның Шах-и-Мардан (сөзбе-сөз: «Ерлер патшасы», Әли халифтің  есімдерінің  бірі)   деген есімі және  оның Имам Мұхаммед ибн әл-Ханафияның  енді бір тікелей ұрпағы Қожа Ахмет Йассауидің  тұлғасымен (ХІІ-ХІІІғғ.)  байланысы  осындай туыстықты  аңғартады.  Кешенді жазулар  бұл объектінің  қасиетті  орын (мазар) болған  фактісін  қуаттайды. 

Сөз соңында, Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбаев атамыз айтқандай: «Өзгеруі жылдам қазіргі заманда біздің бәрімізге ортақ міндет – ата-бабаларымыздың мұрасын шашауын шығармай тірнектеп жинастырып, келер ұрпақ үшін аялап сақтау» деп аяқтағым келеді. 

Бұл мақаланы жазу барысында мынадай әдебиеттер пайдаланылды: «Маңқыстау мен Үстірт ескерткіштері» С.Е.Әжіғали, «Маңғыстау жерасты мешіттері» М.Қалменов; О.Көшбайұлы, «Шақпақ ата жерасты мешіті мен қорымының  эпиграфикасы» Ә.Қ.Муминов; А.Ш.Нұрманова және де «Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының» қорында сақталған дерек көздер.

А.К.Яриханова  

«Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының» бөлім меңгерушісі 

 

Жарияланған күні: 0




24 наурыз 2023

МАҢҒЫСТАУДЫҢ ҚАСИЕТТІ НЫСАНДАРЫ

2 сәуір 2021

Шежірелі Шерқала

5 наурыз 2021

Сүйінқара Үргенішбайұлы

5 наурыз 2021

Маңғыстаудағы Бекет ата мешіттері

18 сәуір 2020

18 сәуір – Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні

6 ақпан 2020

АЛТЫНҚАЗҒАН КЕШЕНІ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

17 қаңтар 2019

Дәстүрлі дін: ата-баба жолымен

17 қаңтар 2019

Қошқартас

17 қаңтар 2019

Асыл көзі

17 қаңтар 2019

Тарихи-мәдени мұрамызға мұқият болайық

9 қаңтар 2019

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Маңғыстаудың қасиетті нысандары толықтырылды

9 қаңтар 2019

Қаңға жеріндегі Махтум-баба мешіті

31 қазан 2018

Тобықты жеріндегі Бекет-ата жерасты мешіті, XVIII-XIX ғғ.

23 қазан 2018

Махтум баба мешіті

23 қазан 2018

Қыз-әулие - киелі орындар тізіміне енгізілді

23 қазан 2018

Шерғазы сұлтанды Хан атағына ұлықтау және салтанатқа қатысқан кейбір тарихи тұлғалар туралы

23 қазан 2018

Облыс аумағынан жаңа тарихи-мәдени мұралар анықталды!

22 қазан 2018

Маңғыстау ескерткіштері киелі орындар тізіміне енгізілді

22 қазан 2018

Маңғыстаудан шыққан Құлбарақ батыр

22 қазан 2018

Дін және дәстүр

26 қыркүйек 2018

Маңғаз Маңғыстау, ажарлы Ақтау!

31 шілде 2018

Маңғыстаудың – қасиетті рухани құндылықтары

2 шілде 2018

Асқақтай бер – Астана!

4 сәуір 2018

Маңғыстау мен Үстірттің киелі орындары

12

 

 

 

Ескеркіш

Есепте тұрған ескерткіштер саны:

590

Республикалық дәреже:

20

Жергілікті дәреже:

570

Ескеркіш

Есепте тұрған киелі орындар саны:

43

Жалпыұлттық дәреже:

15

Жергілікті дәреже:

28