Маңғыстаудағы Бекет ата мешіттері

Маңғыстаудағы Бекет ата мешіттері

Маңғыстау – қазақ елі үшін қымбат, тарихы аса бай киелі жер, қасиетті тұлғалардың мекені. Ол өзінің әріден басталар шежіресімен, аспан астындағы тарихи-мәдени ескерткіштерімен, табиғи қазба байлықтарымен ерекшеленеді. Тоғыз жолдың торабында орналасқан Маңғыстаудың үстінен ғасырлар бойы түрлі халықтар ары-бері ағылып өтіп жатты. Бүгінде олардан қалған іздер-қожыр-қожыр қорымдар мен еңселі ескерткіштер. Осы орайда Қазақстанда тіркелген ескерткіштердің жартысынан көбі біздің өлкемізде шоғырланғандығын айта кеткен жөн болар. Мұның дәлелі, қазіргі таңда 590 ескерткіш есепке алынған болса, ал 900-ге жуық ескерткіш алдын ала тізім қатарында тұр.

Соның ішінде өз бастауын әріден алатын жерасты мешіттері тек Маңғыстау жерінде ғана кездеседі. Көрерге көз керек небір асыл туындыларды өмірге әкелген, тастан түйін түйген шеберлердің туындылары күні бүгінге дейін өзіне табындырып, таңқалдырумен келе жатыр. Әрқайсысының өзіндік тарихы, үңіле қалсаң айтар өнегесі мол. Бұлар өткеннен қалған асыл мұра, ата-бабаларымыздың ұрпақтарына айтып кеткен аманаты.

Маңғыстаудың қасиетті тұлғаларының бірегейі Бекет атаға биыл 270 жыл толуда. Осы орайда Атаның Маңғыстау жерінен салдырған мешіттері жайында аз да болса мағлұмат берілсе деген оймен, Оғыландыдағы, Ескі Бейнеудегі және Тобықты жеріндегі Бекет ата мешіттеріне тоқталып өтсем.

Бекет ата Хиуадағы Шерғазы медресесін бітіріп, өзінің еліне келіп, ерекше дәстүр бастап, тауды үңгіп, балалар оқытатын Мұңал Жарыдан, Жемнен, Бейнеуден, Тобықтыдан, Оғыландыдан жерасты мешіттерін, ал Байшағырдан намазханасын салады. Бекет ата мешіттері туралы ақпарат жазған орыстың саясаткер ғалымы Э.Эверсман. Ол «Первые русские научные исследованиия Устюрта» деген еңбегінде 1820-1821 жж Үстіртте болып, Атаның мешіттерін көргенін жазады. «Үстіртте таудан қашап жасаған мешіттер араб, парсы, татар жазуларымен безендірілген. Мұндай ескерткіш зияратты Бекет ата 4 жерден қашаған. Оның бірі – Маңғыстаудан қашық емес, Оғыландыда. Екіншісі Бейнеуде, үшіншісі Ақмешітте, төртіншісі Арал теңізі жағасында. Оның бірінде қыста, екіншісінде көктемде, үшіншісінде жазда болады екен»-деп көрсеткен.

Ескі Бейнеу қорымы және Бекет-ата жерасты мешіті Бейнеу ауылынан 17 км оңтүстік-батыс бағытта орналасқан. Көшпелі өмірге үйренген қазақ халқының тұрақтайтын қоныстарына ыңғайлы және Орта Азиядан келетін көне керуен жолының бойында орналасқан. Мешіт айналасында көлемі үлкен қорым орналасқан. Бекет-Ата мешітіне зиярат жасаушылар алдымен қорымның батыс жақ іргесіндегі қонақ үйіне соғып, қорым ортасымен өтетін соқпақ жолмен мешітке жаяу барады. Бекет ата мешіті жартасты мүйіс қабатынан ойып салынған. Ішке кіретін есігі оңтүстік-батысқа бағытталып жасалынған. Диаметрі 4,5 м төбені үңгіп қашаған мешіттің жалпы көрінісі қазақтың киіз үй пішініне келеді. МЕшіт үйі үлкенді-кішілі бір-біріне жалғасқан 4 бөлмеден тұрады. Көлемі жағынан ең үлкен дөңгелек жобадағы бөлмесінің төбесі күмбез тәрізделе жасалған. Бөлменің оңтүстік-батыс қабырғасында михраб ойығы сақталған, сондықтан бұл намаз оқитын, сыйынатын бөлме болғанға ұқсайды. Бөлмелердің қабырғалары тегістелген, бірақ декорациялық безендіру, жазу-сызудың ешқандай іздері кездеспейді, тек қана әр жерлерде шамшырақ қоятын терең емес ойықтар бар. Ел арасында сақталған аңыз бойынша, осы мешітті Бекет ата жыл маусымдарына орай, ел балаларын оқыту үшін, сондай-ақ әрі-бері өткен жолаушылардың зиярат жасап тынығып, құлшылықтарын өтеу үшін салдырған. Мешіттің қасында бұлақ көзі бар. Сырттай қарағанда құдық сияқты болып көрінетін бұлақтың суы қысы-жазы үздіксіз ағып жатады. Жергілікті тұрғындар судың емдік қасиеттері бар екендігін айтады. Ескерткіш алғаш рет Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің №38 Қаулысы бойынша 26.01.1982 жылы республикалық дәрежеде мемлекет қамқорлығына алынған. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2015 ж. 30 наурыздағы №119 бұйрығымен республикалық маңызы бар Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша Қазақстанның жалпыұлттық маңызы бар қасиетті нысандар тізіміне енгізілді.

Тобықты жеріндегі Бекет ата жерасты мешіті Қызан ауылынан 30 км оңтүстік бағытта орналасқан. Мешіт таудың жарындағы 10 м биіктіктегі жұмсақ бор тауды шауып, үңги жасалған аса үлкен емес 2 бөлмеден тұрады. Оның бөлмелері бір-біріне жапсарластыра салынған, төбесінде жарық түсіп, ауа кіріп тұруы үшін тесік қалдырылған.

Мешіттің алғашқы қалпы жақсы сақталған. 2005 жылы өлкемізге белгілі сәулетші С.Назарбекұлының басшылығымен қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. 2006 жылы Маңғыстау облысы әкімшілігінің шешімімен мемлекеттік есепке алынып, жергілікті маңызы бар тарихи ескерткіш ретінде қорғауға алынған. 2015 жылы ЖШС «Маңғыстауреставрация» қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша Қазақстанның жергілікті маңызы бар қасиетті нысандар тізіміне енгізілді.

Оғыланды жеріндегі Бекет ата жерасты мешіті Сенек ауылынан 95 км солтүстік-шығыс бағытта орналасқан. Қалың жауға қарсы қол бастап, қарсы шапқан қаһармандығымен Бекет батыр атанған. Шайқастарда Бекетке оның мейрімділік, әділдік сияқты адал қасиеттерінен туындаған бейбітшілікке деген сүйіспеншілігі сүйеу болған. Адам баласына көмектесуді және оларға білім беру, жақсылық жасауды Бекет ата Алланың бұйрығы деп санаған. Жаугершілікті тоқтатып, елінде бейбітшілік орнағанын, көршілес халықтармен достық қарым-қатынас құруды армандаған. Халқының дінге, білімге көзін ашып, мәдениеттің өркендеуіне, болашаққа жол ашуға себеп туғызған. Оңтүстік Үстірттің Маңғыстау ойысына тірелген бір тұмсығының үзіліп қалған шоқысына қашалған. Үш-төрт қанат көлеміндей үш бөлме. Бекет ата мүрдесі осы бөлмелердің бірінің іргесіне қашап орналастырылған. Жерасты ғимараты маңында Бекет ата пайдаланған бұлақтар, құдықтар бар. Ел жадында қалған әңгімелерде Жем бойындағы Ақмешітте Бекет ата бала кезін, ал өмірінің соңғы жылдарының көбін Оғыландыда өткізген. Мешіт табиғаты көркем Оғыланды жеріндегі ақ-бор тасты тау шатқалының терең, орта қабатынан ойып жасалынған. Жіңішке баспалдақтар мешіт алдындағы шағын алаңға алып келеді. 1973 жылы М.Меңдіқұловтың жетекшілігімен тарих және мәдениет ескеткіштерін қорғау қоғамы экспедициясы және 1979 жылы М.Нұрқабаевтың басшылығымен «Казпроектреставрация» институтының сәулетшілері зерттеген. Ескерткіштің алғашқы мемлекеттік қорғауға қабылданған 26.01.1982 ж. № 38 Қазақ ССР Министрлер кеңесінің қаулысына өзгеріс пен толықтыру енгізіліп, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің 16.05.2000 ж. № 897 шешімімен жергілікті дәрежеден республикалық дәрежеге өтті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша Қазақстанның жалпыұлттық маңызы бар қасиетті нысандар тізіміне енгізілді.

Жерасты мешіттерінің ерекшеліктері

- Мешіттің ішінде қанша кісі отырса да, оқылған дұға-аяттардың, айтылған уағыз-насихаттардың барлық тыңдаушыларына (барлық бөлмелерде) толық естілуі.

- Жылдың қай мезгілі болса да мешіт ішіндегі ауа ылғалдылығы санитарлық-гигиеналық мөлшерден аспаған.

- Тау жынысындағы (бор тастағы) микро-макро қуыстар мен жарықтар дұрыс пайдаланып, бөлмелер жобалы орналастырылып, үңгіп салынған. Есік, түндік ашық тұрса да іште желорайдың (сквозняк) болмауы.

- Жер астындағы мешіт михрабының астрономиялық құрал-жабдықсыз қазіргі кездегі топографиялық картадағы Мекке қаласының (Қағбаның) бағытының дәлділігімен жасалуы, кірер есік күншығысқа не құбылаға бағытталып орналастырылуы.

- Жерасты мешіттерінің орналасуында географиялық қажеттілікті өзіндік «заңдылықтармен» байланыстыру бар. Обсерваториялық байқаулар жүргізуге пайдаланғандығы аңғарылады.

«Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы»

«Экскурсия-көпшілік» бөлімінің меңгерушісі

Яриханова Айман Керліқұлқызы 

Жарияланған күні: 5 наурыз 2021




24 наурыз 2023

МАҢҒЫСТАУДЫҢ ҚАСИЕТТІ НЫСАНДАРЫ

2 сәуір 2021

Шежірелі Шерқала

5 наурыз 2021

Сүйінқара Үргенішбайұлы

5 наурыз 2021

Маңғыстаудағы Бекет ата мешіттері

18 сәуір 2020

18 сәуір – Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні

6 ақпан 2020

АЛТЫНҚАЗҒАН КЕШЕНІ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

17 қаңтар 2019

Дәстүрлі дін: ата-баба жолымен

17 қаңтар 2019

Қошқартас

17 қаңтар 2019

Асыл көзі

17 қаңтар 2019

Тарихи-мәдени мұрамызға мұқият болайық

9 қаңтар 2019

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Маңғыстаудың қасиетті нысандары толықтырылды

9 қаңтар 2019

Қаңға жеріндегі Махтум-баба мешіті

31 қазан 2018

Тобықты жеріндегі Бекет-ата жерасты мешіті, XVIII-XIX ғғ.

23 қазан 2018

Махтум баба мешіті

23 қазан 2018

Қыз-әулие - киелі орындар тізіміне енгізілді

23 қазан 2018

Шерғазы сұлтанды Хан атағына ұлықтау және салтанатқа қатысқан кейбір тарихи тұлғалар туралы

23 қазан 2018

Облыс аумағынан жаңа тарихи-мәдени мұралар анықталды!

22 қазан 2018

Маңғыстау ескерткіштері киелі орындар тізіміне енгізілді

22 қазан 2018

Маңғыстаудан шыққан Құлбарақ батыр

22 қазан 2018

Дін және дәстүр

26 қыркүйек 2018

Маңғаз Маңғыстау, ажарлы Ақтау!

31 шілде 2018

Маңғыстаудың – қасиетті рухани құндылықтары

2 шілде 2018

Асқақтай бер – Астана!

4 сәуір 2018

Маңғыстау мен Үстірттің киелі орындары

12

 

 

 

Ескеркіш

Есепте тұрған ескерткіштер саны:

590

Республикалық дәреже:

20

Жергілікті дәреже:

570

Ескеркіш

Есепте тұрған киелі орындар саны:

43

Жалпыұлттық дәреже:

15

Жергілікті дәреже:

28